Тараздық оқушы өрт сөндіруші робот құрастырды
Вячеслав Кузьмин 9-сынып оқушысы. Ол техникалық-шығармашылық орталықта қосымша білім алады. Төтенше жағдай кезінде көмек болатын құрылғыны осы орталықта тәлімгері Айнұр Сұраншиеваның жетекшілігімен жасап шығарған. Роботқа «Темір-Батыр» деп ат қойған. Құлтемір өрт кезінде жалынды сөндіріп, қою түтін ішінде қалған адамды да іздеп таба алады.
«Роботтың алдында кедергілерді итеруге арналған құрылғысы және камерасы бар. Темір-Батырды қашықтықтан басқарып, камера арқылы өрт болған жерді көруге, ультрадыбысты қондырғының көмегімен өрттің қай жерден шыққанын, адамның бар-жоғын анықтауға болады. Роботтың ішіне екі бак орнатылған. Оған жағдайға байланысты көпіршік немесе су толтырылады. Сұйықтық қысыммен 5 метр қашықтыққа шашылады», - дейді өнертапқыш.
Вячеслав Кузьмин Темір-Батырды Жамбыл облысының төтенше жағдайлар департаменті мамандарына апарып көрсетпек. Патент алып, роботты тағы да жетілдіру жоспарында бар.