Тараздық студенттер қант диабетіне қарсы дәрілік өсімдіктер өсіруде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тараздық студенттер жылыжай кешенінде қант диабетіне қарсы дәрі-дәрмек алынатын стевия өсімдігін өсіруде. Жас ғалымдар оны болашақта өндіріске енгізуді де көздеп отыр.

Тараздық студенттер қант диабетіне қарсы дәрілік өсімдіктер өсіруде

Соңғы жылдары бірқатар мемлекеттерде құрамы дәрумендерге бай стевияны ауыл шаруашылығы дақылы ретінде көп мөлшерде өсіру қолға алынуда. Бұған себеп те жоқ емес. Табиғи қант алмастырғыштың қайнар көзі болып табылатын оның кептірілген жапырағының қара базардағы бір келісінің құны 340 АҚШ долларына саудалануда. Ал, сұйық концентрат күйіндегі  бағасы 306 доллар тұрса, бір келі таблетка түріндегісі 5 мың АҚШ долларына жуық сомаға сатылуда.

Жамбыл облысының студенттері құны қымбат стевияны Қазақстанда өсіріп, одан өнім алуды оңтайлы жолға қоюға ниетті. Осыған орай, жас ғалымдар Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдерімен бірлесіп арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

- Мақсатымыз - еліміздің өндіріс саласына табиғи қант алмастырғыш көзі ретінде пайдаланылатын стевия өсімдігін ендіру үшін биотехнологиялық көбейту әдістерін жетілдіру. Бұл өз кезегінде одан алынатын дәрі-дәрмек өнімдерінің қарапайым азаматтар үшін қолжетімді болуына сеп болмақ, - дейді жоба авторлары.

Стевия жылу сүйгіш болғандықтан ол Қазақстанның климатына төзімсіз әрі өнуге бейімсіз келеді. Осыған байланысты студенттер оны заманауи құралдармен жабдықталған жылыжайда көбейтуді мақсат етіп отыр.