Тараздық Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне пәтер кілттері тапсырылды

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Мамырдың 7-і. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Бүгін, мамырдың 7-і күні Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Тараз қаласында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне пәтер кілттерін табыс ету салтанаты болды.

Тараздық Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне пәтер кілттері тапсырылды

Тараз қаласында баспана алуға кезекте тұрған 27 ардагер мен мүгедектер облыс орталығының оңтүстік-батыс шетінде орналасқан «Бәйтерек» шағын ауданындағы пәтерлердің бақытты иелеріне айналды.

Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев өз қолымен пәтер кілттерін табыс ете отырып, қоныс иелерінің денсаулығы мен көңіл-күйін сұрап жатты. Өз сөзінде ол жасаған ерліктері ешқашан ұмытылмайтын соғыс ардагерлеріне жергілікті билік мүмкіншілікке қарай әрдайым қолдау көрсетіп, ауылдық ардагерлерді де үймен қамтамасыз етудің жолдарын қарастыратындықтарын айтты.

Өз кезегінде соғысқа қатысушы Иманқұл Жақсығұлов пен Евдокия Санникова Мемлекет басшысы мен жергілікті билікке көрсеткен қолдаулары үшін алғыстарын білдірді.

«Өкінішке орай, соғыс ардагерлерінің қатары азайып барады, - деді Қ.Бозымбаев. - Бүгінгі таңда біздің облыс бойынша сегіз жүз Ұлы Отан соғысының қатысушылары бар. Ал бес жыл бұрын Жеңістің 60 жылдығы аталып өтілгенде олардың саны бес мыңға таяу еді».

Осы мереке алдындағы күндерде облыстың ірі кәсіпорындары мен ұйымдары ардагерлер үшін мәдени шаралары мен мерекелік қонағасы ұйымдастырып жатыр, оларға біраз уақыт бұрын қалалық көліктерде тегін жүру мүмкіндігі, сондай-ақ монша мен шаштараз қызметтерін тегін көрсету ұсынылған. Қалалық бюджет есебінен телефон абоненттері мен суық су төлеміне жеңілдіктер қарастырылған.

Тараздағы Жеңіс мерейтойының қорытындысы Оңтүстік әскери округының күшімен «Достық» орталық алаңында өтетін әскери шеру болмақ.