Тараздың қаңғыбас иттері 700 тұрғынды қапты

ТАРАЗ. 22 ақпан. ҚазАқпарат - 2011 жылы қаңғыбас иттер Тараздың 700 тұрғынына шабуыл жасады, деді қала әкімі Бекболат Орынбеков халықпен есептік кездесу барысында.

Тараздың қаңғыбас иттері 700 тұрғынды қапты

«Өткен жылы қаланың халықпен есептік кездесуінде осы қаңғыбас иттерді аулау және  көртышқандарды жою мәселесі бірнеше рет талқыланған еді. Айта кетейік, сол кезде 6 мың қаңғыбас ит ауланды, ол үшін 9 млн. теңге бөлінген еді.  Сонымен қатар, 3,5 млн. теңгеге көртышқандарды құрту бойынша жұмыстар жүргізілді», - деді әкім. 

«Осы мәселелерді шешу барысында біз бірқатар кедергілерге тап болдық. Қаңғыбас иттер Тараз қаласының 700 тұрғынына ауыз салғанына қарамастан, жануарларды қорғау қоғамдығы сын айтумен болды. Айта кетейік, сол иттердің 3-еуі құтыру белгісімен ұсталды», - деп атап өтті әкім. 

«Алайда біз мұндай көрсеткіштерге көз жұма қарай алмаймыз. Біздің негізгі міндетіміз тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еркін жүруіне жағдай жасау болып табылады», - деді ол.