Тарбағатай халқы Қабанбай батырдың 330 жылдығын атап өтіп жатыр
Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылында Қаракерей Қабанбайдың 330 жылдық мерейтойы «Бабалар ерлігі – ұлтқа мұра, ұрпаққа үлгі» атты ғылыми-теориялық конференциядан басталды.
Батырдың ерлігін ұлықтау шарасына Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «Кетбұға-Төлегетай» халықаралық қорының үйлестірушісі Манарбек Мұхамеджанов, философия ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш, әскери тарихшы Қайрат Сағатайұлы, ақын, филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербек, Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев және басқа да тарихшы, ғалымдар қатысып, дарабоз Қабанбай батырдың жаугершілік замандағы қаһармандығын, қолбасшылығын баян етті.
«Қаракерей Қабанбай қатыспаған бірде-бір ірі шайқас болмаған. Қабанбай батыр жекпе-жекке 103 рет шығып, барлығында жеңіске жеткен. Қазақ батырларына бас, ерлік істерге ұйытқы болған ұлы қолбасшы өз кезеңінде атты әскер соғысының мықты стратегі, жекпе-жектің тендесі жоқ шебері еді», - дейді әскери тарихшы Қайрат Сағатайұлы.
Қаракерей Қабанбай қазақ жерін жаудан азат етуде алпыс жыл ат үстінен түспей, жоңғар шапқыншылығы кезінде ерен ерліктің үлгісін көрсеткен.
Мерейтой аламан бәйге, ат шабыс, спорттық жарыстар мен концерттік бағдарламалармен жалғаспақ. Батыр әруағына арнап ас та беріледі.