«Тарбағатай» имандылық-қайырымдылық қоры жұртшылықты Шығыстағы су басқан өңірге қол ұшын беруге шақырады
АЛМАТЫ. Сәуірдің 9-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - «Тарбағатай» имандылық-қайырымдылық қоры жұртшылықты Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы табиғат апатынан зардап шеккен жандарға көмек көрсетуге шақырады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның кез келген түкпірінде болған апат пен қиыншылық бәрімізге ортақ. Алматы облысының Қызылағаш, Егіндісу ауылдарында болған қасірет қайталанбас үшін Шығыстағы су басқан өңірге жедел жәрдем қажет. Қиыншылыққа душар болғандарға әр адам қолдан келген көмегін көрсетеді деп сенеміз. Елдігіміз бен азаматтығымызға сын болар сәтте сырт қалмай, қол ұшымызды берейік», дейді «Тарбағатай» имандылық-қайырымдылық қорының атқарушы директоры Аян қажы Оқасов.
Аталмыш қор 2005 жылы Алматыда құрылып, игілікті істерімен танылып келеді.
«Сонау қиын -қыстау кезеңде ауданымыздағы мүмкіндігі бар адамдар қала жағалап, қоныс аударып кетті. Қалаға келіп, жағдайы түзелген халық артта қалған жұртты ұмытпайық, оларға қолымыздан келгенше әлеуметтік жағынан көмектесіп тұрайық деген мақсатта осы қорды құрған болатынбыз. Осы қорға түскен қаражатты ауыл жаққа жіберіп, ондағы өсіп келе жатқан жастарға имандылық жағынан көмек көрсетіп, мешіттер ашу жұмыстарын қолға алып отырмыз», дейді атқарушы директор.
Сондай-ақ ол, тек сол өңірге ғана емес, жалпы Қазақстан бойынша жұмыс істесек деген ниетін айтады. Өйткені қор 2008 жылы Бейжің олимпиадасының жеңімпаздарын «Динамо» спорттық бірлестікпен бірігіп елімізге атақ әкелген азаматтарды дәріптеу жұмысын жүргізіп, ұлықтау салтанатына атсалысқан.
Сонымен қатар Тарбағатай өңірінде екі мешіт ашып, Ақжар ауылындағы балабақшаға автокөлік сыйлап, тағы басқа осындай игі істерге мұрындық болып келе жатыр.