Тәрбиелеуші колониялардағы заң бұзушылық фактілері бойынша тиісті шаралар қабылданды

Бұл туралы бүгін Астанада өткен ҚР Үкіметі жанындағы Кәмелет жасқа толмағандардың істері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс 7-ші мәжілісінде Әділет министрлігінің Қылмыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Талғат Ахметов айтты.
Оның сөзіне қарағанда, тәрбиелеуші колониялардың қызметінде жүргізіліп жатқан жақсы жұмыстармен қоса, жасөспірімдердің мүліктік және еңбек құқықтарын сақтауда кемшіліктер мен пысықталатын шаруалар бар. Бұл Бас прокуратураның ағымдағы жылғы қаңтардың 15-гі ұсынысында көрініс тапқан. Ал, комитет оларды жою және келешекте жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдаған және ол Бас прокуратураға дер кезінде хабарланған. «Мәселен, Ақтөбе облысында кәмелет жасқа толмағандарға алименттерді, зейнетақыны және басқа да төлемдерді аудару үшін өкілетті органдардың құқық орнататын құжаттарды дер кезінде рәсімдемегені анықталған. Осындай 5 кәмелет жасқа толмағандар белгілі болды. Қазіргі уақытта біз тиісті жұмыстарды жүргіздік, сөйтіп аталмыш төлемдер дер кезінде төленді және көрсетілген тұлғалардың атына рәсімделді. Осыған ұқсас жұмыс Шығыс Қазақстан облысының мекемелерінде де жүргізілді. Ол жерде де кәмелет жасқа толмаған 5 бала өздеріне тиеселі жәрдемақыны алмаған. Олар бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілді. Олар қазір жәрдемақыларын алуда», деді ол.
Т. Ахметов еліміздің басқа да аймақтарындағы кәмелет жасқа толмағандарды тәрбиелеуші колониялардың қызметін жақсартуда атқарылып жатқан шаруаларға тоқталып өтті.
Оның айтуынша, Қазақстанда қазіргі таңда кәмелет жасқа толмағандар тәрбиеленетін 4 колония бар. Олар Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Алматы қаласының аумақтарында орналасқан. Сонымен қатар, Алматыдағы әйелдер мекемесі жанында кәмелет жасқа толмаған қыздарға арналған тәрбиелеуші колония бар.