Тарифтер бойынша тұтынушылардың мүдделерін қорғайтын институт құрылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылау үшін екі жаңа институт енгізіледі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасын талқылау кезінде ҚР Ұлттық экономика министрі Тимір Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тарифтер бойынша тұтынушылардың мүдделерін қорғайтын институт құрылады

«Табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыру және тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылауды күшейту мақсатында заң жобасымен тиісті қадамдар көзделеді. Біріншіден, 2 жаңа институтты енгізу ескерілген.

Осы орайда Тарифтік саясат жөніндегі кеңес жасақталады. Бұл табиғи монополиялар салаларында мемлекеттік реттеу саясатының негізгі бағыттарын әзірлеу жөніндегі ұсыныстарды талқылайтын және дайындайтын консультативтік кеңес органы. Тарифтік саясат жөніндегі кеңес монополистердің инвестициялық бағдарламалары жобаларын қарастырады, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік сметаларды, инвестициялық бағдарламаларды орындау туралы есептерін тыңдайды», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов

Оның құрамына Парламент депутаттары, «Атамекен» палатасының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, тәуелсіз сарапшылар және басқалар кіретін болады.

Ал екінші институт табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне қатысты.

«Бұл монополистердің қызметтерін тұтынушылардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында құрылатын коммерциялық емес ұйым. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері тарифтік сметалардың және инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы есептерді қарауға қатысады. Қызмет тиімділігінің көрсеткіштеріне қол жеткізу және табиғи монополиялар субъектілері қызметтерінің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін сақтау туралы есептерді қарайды. Сонымен қатар, уәкілетті, мемлекеттік органдармен, табиғи монополия субъектілерімен, соттармен және басқа адамдармен қарым-қатынаста  тұтынушылардың мүдделерін білдіреді. Мұнымен қоса, табиғи монополия субъектілері қызметтері тұтынушылары атынан тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы сотқа талап-арыз береді», - деп нақтылады министр.

Осы институттардың жұмысы тұтынушылардың қаражаттарын пайдалану және ұсынылатын қызметтердің сапасы мәселелеріндегі монополистердің қызметіне бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы мақұлданды. 

Естеріңізге сала кетейік, жақында Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  коммуналдық қызметтерге тарифтерді заңсыз өсірген табиғи монополиялар субъектілерін жазалауды талап етті.

Сонымен қатар Президент Қазақстанда электр энергиясы құнын төмендетуді тапсырды.

 

Президент Іс басқармасы ауруханасы халықаралық стандарттарға сәйкестігін дәлелдеді
Ұқсас жаңалықтар

Президент Іс басқармасы ауруханасы халықаралық стандарттарға сәйкестігін дәлелдеді