Тарифтер үнемі өскенімен, коммуналдық қызмет сапасы жақсармай отыр - С. Әйімбетов

АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат - Тарифтер үнемі өскенімен, коммуналдық қызмет сапасы жақсармай отыр. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі «Тұтынушылар құқын қорғау - мемлекеттік саясаттың басымдығы» тақырыбында өткен Үкімет сағатында Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы депутат Сейітсұлтан Әйімбетов осылай мәлім етті.
None
None

Депутаттың айтуынша, тариф мәселесі экономикаға да әлеуметтік мәселеге де қатысы бар. «Бұл іс жүзінде еліміздің әрбір азаматының мүддесін қорғайды. Мәжіліс депутаттары өңірлерді аралағанда сайлаушылар сапалы ауыз сумен, жылумен, электрмен қамтамасыз етуге байланысты мәселе көтеріп, алаңдаушылық білдіруде. Олардың бізге жолдаған хаттарында да осы мәселелер айтылады. Сайлаушылардың пікірінше, тарифтер үнемі өсуде, бірақ коммуналдық қызмет сапасы жақсармай отыр. Өкінішке қарай, бұл ащы да болса шындық», - дейді депутат.

Сонымен қатар, Елбасы Жолдауындағы тұтынушылардың құқын қорғаудың жаңа жүйесін қалыптастыруға қатысты міндетке тоқталған С. Әйімбетов, осы салада мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралардың тиімділігіне келеңсіз әсер ететін жағдайлар да бар екеніне назар аударды. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласын әртүрлі мемлекеттік органдар, яғни Бәсекелестікті қорғау агенттігі, табиғи монополияларды реттеу агенттігі, мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитеті және т.б. бақылайды. Осы саладағы ахуалды талдау нәтижесі жоғарыда аталған органдар арасында қажетті өзара іс-қимылдың жоқтығын көрсетеді. Тұтынушылардың құқын қорғау жөніндегі кешенді мәселелерді шешуге бағытталған бірлескен жүйелі іс-әрекет болмай тұр. Біздің ойымызша, тұтынушылар мен қоғамдық ұйымдардың міндетті түрде қатысуымен барлық мемлекеттік бақылау органдары арасында тиімді өзара іс-қимыл болғанда ғана тұтынушылардың мүдделері нақты қорғалатын болады», - дейді С. Әйімбетов. Бұл ретте депутат тұтынушылардың құқын қорғаудың кейбір тетіктеріне тоқталып өтті.

Соңғы жаңалықтар