Тарифтерді өсірген кезде тұтынушыларға атаулы субсидиялар берілу керек – Мемлекет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайта жасақталған Үкімет 19 негізгі жылу көзін жаңғыртуды жыл аяғына дейін аяқтау керек екенін айтты.

«Ең алдымен, тарифтер ұзақ мерзімге белгіленуі керек. Бұл межелі уақыт ішінде салынған инвестицияны ақтап, инфрақұрылым нысандарын тиісті қалыпта сақтауға мүмкіндік береді. Табиғи монополия субъектілеріне тарифті белгілі бір табыс нормасына сай есептеп, бекітуге рұқсат беру қажет. Тиімді бақылау жүргізу аса маңызды. Мұны осы саладағы бүкіл үдерісті толық цифрландыру арқылы ғана қамтамасыз етуге болады. Ресурстарды есептеу және деректерді онлайн режимде беру жүйесін енгізу керек. Тарифтерді өсіру тұтынушыларға атаулы субсидия беру ісімен қатар жүруге тиіс», - деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл үдерісті барынша жеңілдетіп, автоматтандырған жөн екенін атап өтті.
«Үкімет елдің коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылым нысандарын қайта қалпына келтіріп, дамыту үшін нақты кешенді шаралар әзірлеуі керек. Сонымен қатар әкімдер қаланы абаттандыру жұмыстарын белсенді қолға алып, оның ластануына жол бермеуі қажет. Ең алдымен, ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу керек. Ол үшін инвестор тарту маңызды. Сондай-ақ, көгалдандыру ісімен айналысу қажет. Қазір бұл жұмыс ойдағыдай жүргізілмей жатыр. Электр қуаты, жылу, су, жалпы тиімді коммуналдық шаруашылық – басты игілігіміз. Оның қолжетімді болуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Бұл – саладағы қордаланған барлық мәселені кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беретін маңызды әрі кешенді реформа», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Үкімет үйінде қайта жасақталған Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.