«Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы қашан қабылданады
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Тарифті инвестицияларға айырбастау» жаңа бағдарламасын 2023 жылы қабылдау мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта «Тарифті инвестицияларға айырбастау» жаңа бағдарламасын 2023 жылы қабылдау мәселесі пысықталуда. Сонымен қатар «Тарифті инвестицияларға айырбастау» жаңартылған бағдарламасы аясында ұсынылатын іс-шараларды толыққанды іске асыру үшін нарыққа қатысушылар тарапынан алынған қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етудің ашықтығы бойынша қарсы міндеттемелерді енгізу жоспарлануда», - делінген Үкімет басшысының жауабында.
Премьер-Министрдің атап өтуінше, осыған орай заңнамалық деңгейде «Тарифті инвестицияларға айырбастау» саясаты аясында алынған қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мемлекеттік энергетикалық бақылау және қадағалау саласындағы уәкілетті органның бақылау функцияларын қайтару көзделеді. Салынған инвестициялар аясында қол жеткізу қажет нысаналы индикаторлар белгіленеді. Объективті себептер болмаған кезде көрсеткіштер жетпеген жағдайда айыппұл санкциялары қолданылатын болады. Қаражатты мақсатсыз пайдаланған жағдайда, оның ішінде кәсіпорын басшыларының жауапкершілігі айқындалады.