Тарифті көтеру шаралары елді үнемдеуге шақыруға негізделген - Төлеутай Рахымбеков

АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Елімізде әр адам бір текше метр су үшін бір қорап темекі құнынан аз төлейді.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанадағы энергия тиімділігі бойынша конференцияда «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков айтты.

Айта кетейік, бүгін елордада Жаһандық экологиялық қордың қаржылық қолдауымен «Коммуналдық жылумен жабдықтаудың энергия тиімділігін арттыру үшін кедергілерді жою» атты БҰҰ Даму бағдарламасы мен Қазақстан Үкіметінің бірлескен жобасының аяқталуына қатысты коммуналдық жылу саласында энергия тиімділігін арттыру мәселесі бойынша қорытынды конференция өтіп жатыр.

«Тарифтер 20 пайызға көтерілді деп күзде үлкен қоғамдық пікір туындаған болатын. Сырттан қараған кезде тарифтер едеуір көтерілгендей. Алайда, бүгінде Қазақстанда судың орташа бағасы бір текше метрі үшін 40 теңгені құрайды. Сонда әр тұтынушы бір айда суға 160-180 теңгеден төлейді. Атап айтқанда, бір айда 20 пайыздық өсім қосымша 36 теңгені қалыптастырды. Яғни, 36 теңгеге адамдардың шығыстары артты. Бұл тұрғыда осы көрсеткіш көп пе әлде аз ба? Мысалы, Алматыда автобуспен бір мәрте жүру 80 теңгені құрайды»,-деді Т. Рахымбеков.

Бұл тұрғыда ол суды үнемдеу керектігін қадап айтты. Басқарма төрағасының сөзіне қарағанда, елімізде бір адам бір текше метр су үшін бір қорап темекі құнынан аз төлейді.

«Жалпы тарифтерді көтеру - коммуналдық кәсіпорындардың табысын жоғарылату емес. Тарифті көтеру шаралары елді үнемдеуге шақыруға негізделген, яғни, ресурстарды үнемдеуге тәрбиелеу мәселесі. Мәселен, Польша мен Чехияда тарифтер Қазақстаннан 3-4 есеге жоғары болғанымен, оларда бір шаршы метрге шаққанда бір адам бізге қарағанда екі есе төмен төлейді. Себебі, бұл елдерде тарифтерді көтергеннен кейін үнемдеу туралы ойлана бастаған»,-деді ол.

Соңғы жаңалықтар