Тарихи-мәдени мұралар туралы заң қабылдау қажет - Мәдениет министрі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тарихи-мәдени мұралар туралы заң қабылдануы керек. Бүгін Парламент Сенатында Қазақстан Республикасындағы жаңа Мәдениет саясатының тұжырымдама жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстелде ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осы мәселені көтерді.
«Бүгінгі күні бізде мәдениет саласындағы құқықтық база ретіндегі бір ғана заң бар - бұл «Мәдениет туралы» Заң. Осы құжатты жыл сайын кеңейтіп қана келеміз, өкінішке қарай, онда жекелеген ерекшеліктер қамтылмай отыр. Сондықтан біз ең бірінші кезекте тарихи-мәдени мұралар туралы заң қабылданса деп тілейміз. Өйткені бүгінгі күні осы бағытта көптеген мүдделер қақтығысы орын алып келеді. Мәселен, археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр, бірақ ол заң деңгейінде реттелмеген. Жер жекенің меншігінде. Осындай нақты мәселелерді реттейтін заңның жоқтығынан біз көптеген тарихи ғимараттарды, орындарды жоғалтып жатырмыз», - деді министр.
Оның айтуынша, екінші қажетті құжат - бұл кино туралы заң. Ондай құжаттың маңыздылығы туралы бірқатар мәселелер көтерілгенімен, әлі нақты қадам жасалмай келеді.