«Тарихи сана және қоғамның рухани қауіпсіздігі» сарапшылар клубында талқыланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында тәуелсіз сарапшылар клубы өз жұмысын бастады.
Аталмыш клубтың атауы- «SarapTime». Жаңа алаңда «SarapTime» сарапшылар клубымен көтерілген алғашқы тақырып - қазақстандықтар үшін тарихи маңызы зор 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандары күніне байланысты болды. Басты мақсаты - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы және саяси қуғын - сүргін құрбандарын болашақ жас ұрпаққа жете түсіндіру болып табылады.
Айта кету керек, бүгінгі таңда өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселесіне жаңаша көқарас тұрғысынан қарауды және олардың патриоттық сана-сезімін, сапаларын, мінез-құлқын қалыптастыруды көздейтін тәрбиенің формалары мен әдістері жетілдіріліп келеді.
Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан- 2030» Жолдауында «біздің балаларымыз бен немерелеріміз бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып қазіргі заманғы нарықтық экономика өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады» деп нақты көрсеткен болатын.
«Тарихи сана және қоғамның рухани қауіпсіздігі» атты тақырыппен өткен клуб отырысы жастардың бойында белсенді азаматтық ұстаным мен өзінің және елінің болашағы үшін жауапкершілікті сезіну қасиетін қалыптастыру, олардың өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына құрметпен қарауына бағытталған. Сондай-ақ отанымыздың тарихын біліп зерделеуге - бүкіл қоғамның маңызды міндеті болып табылады.
Сарапшылар отырысына қатысқан Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі өткен ғасырда «жеті басты жалмауыз» іспетті аранын аша келген нәубеттер халқымызды біржола жойып жіберуге шақ қалғанын айтты. «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы 1916 жылдан бергі қазақ тарихын «жеті ағайынды жұт» мекендеген алапат апат кезеңдеріне жатқызды.
«Алапат апат 1916 жылғы Ұлт- азаттық көтерілісінен басталды. Бодандық езгіге қарсы бас көтерген халық аяусыз басып жаншылды. Соның салдарынан бейбіт ауылдар, бейкүнә жандар қырғынға ұшырап, қазақ үдере көшіп, шекара асуға мәжбүр болды», - деп Дархан Қыдырәлі, екінші және үшінші жұтқа - Ақпан төңкерісі мен Қазан төңкерісін, төртінші «ағайынға» - алапат аштықты, бесінші жұтқа - тәркілеу науқанын, алтыншы апатқа - ұжымдастыру науқанын жатқызды.
«Жұттың жетінші ағайыны - 1937- 38 жылдардағы саяси-қуғын сүргін. Бұл - ел басына түскен ең сұмдық зұлматтың бірі еді. Өйткені, бұл нәубет халқымыздың ақыл-ойын, елге пана, жұртқа басшы болған Алаш арыстарын - ұлт зиялыларын қынадай қырды», - деп Дархан Қыдырәлі бұл күннің тарихи маңызын мейлінше толық айтып берді.
Іс-шараның шымылдығын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дулатбеков Нұрлан Орынбасарұлы «Ұрпақтар ұмытпайды» тақырыбымен ашты. Сонымен қатар, басты спикерлер ретінде «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, «Ұлағат» Мәдениет және даму қорының атқарушы директоры және «Әлеумет тынысы» журналының бас редакторы Жұмақасова Қамажан Габдрашқызы, Қазақстан Ұлттық арнасының аналитик-редакторы Бекбауов Нұрбек Серікұлы сөз сөйледі.
Дөңгелек үстелдің басты қонақтары болып ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, журналистер мен блогерлер, Астана қаласының оқу орындарының студенттері шақырылды.