Тарихи шешімде Алашорда идеясы жеңді – ресейлік тарихшы Виктор Козодой
«Саяси тәжірибе тұрғысынан, 1917 жылдан бастап екі қатар жоба жүзеге асырылды. Бұл Алаш жобасы және Кеңес жобасы. Алаш жобасының идеялық тамыры туралы ұзақ уақыт сөйлеуге болады. 1917 жылы желтоқсанда Екінші жалпықазақтық съезде Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылданып, басқару органы - Алаш Орда құрылды. Сонымен, жоғарыда атап өткен екі жоба қатар өмір сүре бастады. 1918 жылдың басынан бастап большевиктер шабуылы күшейе түсті, сондықтан Алаш көсемдері жасырынуға мәжбүр болды. 1917 жылы желтоқсанда жоспарланған идеялар толық жүзеге асырыла алмады», - дейді Виктор Козодой.
Оның айтуынша, Кеңес үкіметі Алаш Орданы субъект ретінде мойындамады. Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Кеңес үкіметіне қарсы шыққандардың бәріне рақымшылық жасалды.
«Дәл сол саяси жағдайда Алаш зиялылары дұрыс шешім қабылдады. Олар бастаған ісін жалғастыру мақсатында Кеңес билігін мойындады. Әлихан Бөкейханов күрделі таңдау жасады. Оған Омбыда әскермен бірге Қиыр Шығысқа кетіп, ары қарай эмиграциялану туралы ұсыныс айтылған. Ол азаматтық танытып, халқының қасында қалды. Ол басына қандай қауіп төніп тұрғанына қарамастан осы жолды таңдады», - дейді профессор.
Ол Алаш идеясының мықты болғаны сондай – большевиктер оларды елеусіз қалдыра алмады және ымыраға келуге тура келді. Алаш зиялылары Қазақстанның шекарасын бекітуде зор рөл атқарды.
«Азаматтық соғыста алаштықтар сол кезде жеңілгенмен, тарихи шешімге келген кезде Әлихан Бөкейханов пен Алаш Орданың өзге де көшбасшылары жеңіске жетті», - дейді ол.
Аталған шараны «Ақ жол» демократиялық партиясы «Алаш» институтымен бірге ұйымдастырды.