Тарихқа деген жүйелі көзқарас қалыптастыру қажет - Е. Қарин
АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Жуырда Стамбулда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тарихымыз туралы «Ресей империясының отары болдық, тілімізден, дінімізден айырылып қала жаздадық» деген бір-екі ауыз сөз айтқанның өзінде кейбір адамдар төзімсіздік танытып, сынға алып жатыр. Мұның себебі біз өз қоғамымызда азаттыққа, егемендікке деген күрестің қалай өткенін жүйелі түрде көрсете алмай жатырмыз деген сөз. Сондықтан да біздің жай ғана айтып қалған бір-екі ауыз сөзіміздің «жаңғырығып» естіліп жататындығы да содан болуы мүмкін.
Мұндай пікірді бүгін Астанада өтіп жатқан Сырым Датұлының 270 жылдығына арналған «Азаттық туын алғаш көтерген ардақты тұлға» ғылыми-практикалық конференциясында «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин айтты.
Аталмыш шара «Нұр Отан» ХДП, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ұйымдастыруымен өтіп отыр. Конференция шеңберінде белгілі ғалымдар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері Сырым Датұлының тұлғалық рөлін және ХҮІІІ ғасырдың алғашқы ірі ұлт-азаттық қозғалысының қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы орнын талқылады.
Іс-шараның мақсатын айта келе, Е. Қарин: «Ірі тарихи қайраткерлердің өмір жолын зерделеу арқылы азаттыққа, егемендікке, тәуелсіздікке деген жолды көрсетуді мақсат тұттық. Жасыратыны жоқ, кей кезде өзіміздің қазақ қоғамында тәуелсіздік бізге еш қантөгіссіз, оңай жолмен келді деген сияқты пікірлер айтылып қалып жатады. Шындығында қаншама жыл Ресей империясының отарында болдық, одан кейін Кеңес Одағының құрамында болдық. Соншама уақыт бойы азаттыққа деген ұмтылыс, еркіндікке деген күрес ешқашан да тоқтаған емес. Сырым, Кенесары, Исатай мен Махамбет сияқты тұлғалар бастаған 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілістер мен қозғалыстар болғандығы тарихтан белгілі. Осының барлығы тәуелсіздікке ұзақ уақыт бойы қаншама арыстарымыздың қаны мен жанын құрбандыққа шала отырып қол жеткізгендігімізді көрсетеді. Сондықтан біздің мақсатымыз өткен тарихқа жай ғана қоғамның немесе басқа да топтардың назарын аудартып қою ғана емес, сонымен қатар жүйелі көзқарас қалыптастыру», - деп атап өтті.
«Жасыратыны жоқ, кей кезде белгілі бір тарихи тұлғаны туып-өскен жерінің қайреткері сияқты қарайтындар да бар. Сондықтан да біз әдейі осы конференцияны Астанада өткізіп жатырмыз. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен тарихшылар, зерттеушілер, ғалым-жазушыларды тарта отырып, осы қайраткерлерге, болған оқиғаларға жан-жақты жүйелі көзқарасты қалыптастыру біздің мақсатымыз», деп баса айтты Е. Қарин.
Оның айтуынша, сол себепті алда мұндай шаралар көптеп ұйымдастыру жоспарлануда. «Тек қана тарихи тұлғалардың мерейтойларын емес, белгілі бір оқиғалардың да атаулы даталарын өткізу ойымызда бар. Мысалы Ресейде Бородино шайқасының 200 жылдығын атап өтті. Сол сияқты неге бізге де Аңырақай, Бұланты шайқастарын, тағы да басқа тарихи оқиғаларды атап өтпеске?!» - деген пікірімен бөлісті.
Конференцияда айтылған бірқатар мәселелер батырдың әдеби шығармашылығына, сондай-ақ Сырымның әдеби және музыкалық шығармалардағы бейнесіне арналды.