Тарихшы Аққали Ахмет: Егемендік декларациясы — тәуелсіздікке жол ашқан құжат

Алаш арыстарының бір ғана мақсаты болды. Бұл – қазақ елінің тәуелсіздігі. Еліміз осы мақсатқа жету үшін шырғалаң жолдан өтті. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған еліміздің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны тәуелсіздікке жол ашқан құжат ретінде тануымыз қажет деп санайды. Тарихшы декларацияның маңызы туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды Kazinform.

тарихшы
Фото: ғалымның жеке архивінен

— Аққали Қабижанұлы, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл декларацияның маңызы неде?

— Шындығын айтқанда, еліміздің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияға көп құжаттың бірі ретінде қарамау қажет. Неге? Өйткені, декларация қабылданған күнді еске түсірсек, бұл — 1990 жылғы 25 қазан. Сол кезде ел тәуелсіздігі туралы мәселе қозғалған емес. Тәуелсіздік туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіндегі депутаттардың бәрі бірдей ойланып жүрді дей алмаймын. Бірақ депутаттардың арасында еліміздің тәуелсіздік алатын кезеңі жақындағанын сезген мемлекетшіл азаматтар аз емес еді. Олар — Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза, Манаш Қозыбаев, Жабайхан Әбділдин, Әбіш Кекілбаев секілді отаншыл азаматтар.

Бірақ, ел тәуелсіздігін жариялау үшін мемлекеттік егемендіктің негізін құжат түрінде рәсімдеу қажеттігі туындайтыны рас. Ал мұндай құжат — мемлекеттік егемендік туралы декларация. Міне, осы тұрғыдан айтқанда, егемендік декларациясының тәуелсіздігіміздің негізін қалаған тарихи құжат ретіндегі маңызы зор. Өйткені, «Егемендік туралы декларация» негізінен алғанда бірінші конституциялық акт болып есептеледі. Декларацияның тарихи маңызы ұлттық мемлекетті сақтау, қорғау, нығайту хақында шаралар жасалатынын мәлімдеуімен құнды.

Аталған құжатта «Қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғынуды» міндеттейді. Сонымен бірге «Қазақ КСР ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады» деп тұжырымдалған. «Ұлттық мемлекеттілігін» деген зер салып қарасақ, мұндай қағидалар Ата Заңда орын алуы қажет. Қазақстанның саяси және мемлекеттік құрылымын айқындауда сол кездегі республиканың Одақтың орталық алдындағы басым бағытын баянды ететін декларацияның 6-шы және 8-шы баптарының зор маңызы болды.

Бұл баптарда «Қазақ КСР-інің мемлекеттік билігі республика ішінде, сондай-ақ Одақтық шартта белгіленген шеңберде сыртқы қарым-қатынаста үстем, дербес, толық жүзеге асырылады. Республикадағы саяси, экономикалық және ұлттық-мәдени құрылысқа, оның әкімшілік аумақтық құрылымына байланысты барлық мәселелерді дербес шешеді, мемлекеттік өкімет және басқару органдарының құрылымы мен құзыретін, республиканың рәміздерін анықтайды» деп жазылған.

Осы баптар арқылы республиканың халықаралық және мемлекетаралық қатынастар жүйесіндегі нақты құқықтық субъектілігі, елдің дербес саяси және экономикалық дамуы тұжырымдалды дей аламыз. Декларациядағы «Қазақстан қазақ халқының өзін-өзі билеуінің формасы және Қазақстан мемлекеті қазақ халқының дамуына жауапты» деген қағидалар халқымыз үшін қымбат еді.

— Декларацияны қабылдауға қарсылығын білдіргендер де болыпты. Неге?

— Қазақта «Адам аласы ішінде…» дейтін тәмсіл бар. Сол кезде мызғымайтын алып империядай көрінген КСРО-ның экономикалық әлеуеті әлсіреп, қадамы шатқаяқтай бастаған еді. Ал бұл одақ құрамындағы елдердің басшыларын ойлантып, тәуелсіздік туралы мәселені астыртын қарастыруына түрткі болды. Осы орайда шовинистік пиғылдағы азаматтар бұл құжаттың қабылдануына қарсылық білдірді. Өйткені олар мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның одақтан бөлініп шығуына негіз болатынына алаңдады.

Олар «Қазақстанға егемендік декларациясы не үшін қажет?» деген сыңаржақ пікірді таратты. Бірақ, қалың бұқараның өкілдері де, Жоғарғы Кеңес депутаттарының басым көпшілігі де бұл құжаттың қабылдануына қарсы болған жоқ. Өйткені Желтоқсан оқиғасынан кейін сол кезде елдегі қоғамдық-саяси белсенділіктің екпіні лаулағалы тұрған от тәрізді болатын. Әрине депутаттардың арасында қарсы дауыс бергендер кездесті. Алайда, олардың қатары өте аз еді.

— Бүгін — Республика күні. Бұл мерекені қалай атап өткен жөн?

— Бұл күннің маңызын Алаш арыстарының тәуелсіздікті аңсаған мақсат-мұратымен байланыстыруға болады. Өйткені, олар елі үшін, ұрпағының болашағы үшін жанын пида етті. Сол арыстардың бір ғана арманы бар еді. Бұл — қазақ елінің тәуелсіздігі. Алаш арыстары елді бодандықтың бұғауынан құтқару үшін, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін аянбай күресті. Бірақ оларды аждаһадай ауызын ашқан алып империяның солақай саясаты құрбандыққа шалып жіберді.

Қазақ халқы қолдан ұйымдастырылған аштыққа, қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақтың саналы, білімді азаматтары қуғындалды, ату жазасына кесілді. Екінші дүниежүзізік соғыстың даласынан оралмады. Желтоқсан оқиғасы да қазаққа қарсы жасалған қиянат еді. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін осындай бұралаң жолдан өтті.

Сол себептен, еліміздің тәуелсіздігіне жол ашқан тарихи құжат — мемлекеттік егемендік туралы декларация. Бұл құжат бізге осынысымен құнды әрі қымбат бола береді.
Бұл күн Республика күні болып белгіленді. Ал, Республика күнінің ұлттық мереке ретінде аталып өтілгені құптарлық жайт. Сондықтан бұл күні әсіресе, жас буынның арасында патриоттық бағытта іс-шаралар көбірек өткізілгені жөн.

— Әңгімеңізге рақмет.

Соңғы жаңалықтар