Тарихта атамекенін тастамайтын, тастаса да, қайтып оралатын мен білетін 2-ақ халық бар - Әзімбай Ғали

АЛМАТЫ. 9 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Әлемнің тұрғылықты халықтарының халықаралық күні. Ол БҰҰ Бас Ассамлеясының шешімімен жарияланған.

Тарихта атамекенін тастамайтын, тастаса да, қайтып оралатын мен білетін 2-ақ халық бар - Әзімбай Ғали

БҰҰ мәліметтері бойынша бүгінгі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде 5000-нан астам жергілікті халықтар тұрады.

«Олардың кейбірі бір кезде ұлт болып ұйысып, дүркіреп тұрған үлкен мемлекет құрған болатын. Қазір ұлттан шағын этникалық топқа айналған олардың тарихы әртүрлі. Мәселен біздің Қазақ тұрғылықты, гомогенді халық. Оның бірегей қанды, текті халық екенін антрополог Оразақ Смағұлов пен келіншегі Күлән және қыздары өз зерттеулерінде айқын дәлелдеп берді», дейді тарих ғылымының докторы Әзімбай Ғали. Оның айтуынша, 15 ғасырда алғаш рет ұлттық мемлекетін құрып, Сарайшық қаласын өзіне астана еткен Қазақ бір текті тұрғылықты халық. Қазақтың аз ұлт ретінде бір ерекшелігі бар. Жағдай аса ауыр болып кетсе де, бір бөлігі туған жерінен табан аудармайды. Екінші бөлігі басқа жерден уақытша пана іздейді. Бірақ 3-4 жылдан кейін қайтадан қайтып келе бастайды.

«Аштықтан кейін 1930 жылдары қазақтың бір бөлігі атамекенін тастап шетелге қашуға мәжбүр болды. Архив мұрағаттарына қарасақ, Қытайға қоныс аударған қазақтар 1936 жылдан бастап қайтып келе бастаған. 2-3 жылдың ішінде 250 мың адам келгені тіркелген. Жалпы қазақтың саны бұған дейін ешқашан 10,5 миллион адамға жетпеген. Өйткені қазақ әруақытта да өзінің кіндік қаны тамған туған жері мен мемлекетін тек үлкен зобалаңда ғана уақытша тастап отырған. Тарихта атамекенін тастамайтын, оған қайтып келетін мен білетін 2 халық бар. Оның біріншісі - қазақ, ал екіншісі - якуттар. Оның бір тамыры мемлекетшілдік санада жатыр. Өкінішке орай, ол әлі күнге дейін бізде ғалымдар тарапынан арнайы ғылыми зерттеу жұмысының нысанына айналған жоқ», - дегенді айтады тарихшы Әзімбай Ғали.