Тарихтан тағылым алу ерекше маңызды - Мемлекет басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтау керек. Бүгін «Қазақстан» ұлттық телеарнасына берген сұхбатында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

Тарихтан тағылым алу ерекше маңызды - Мемлекет басшысы

«Аллаға шүкір, біз - бабаларымыздың армандарын орындаған елміз. Біздің буынға Тәуелсіздіктің таңын арттыруға мүмкіншілік берілді. Мемлекетімізді мықты етіп, дүниежүзіне Қазақстанды паш еттік. Сонымен қатар Астанамызды салып, осы жерде түрлі бағыттарда дүнижүзілік форумдарды өткізіп, экономикамызды көтердік», - деді Мемлекет басшысы.

Елбасы тарихтан тағылым алу ерекше маңызды екенін атап өтті. Осы орайда Президент Қазақстанның Тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтау керектігін, халықтың бірлігіне айрықша мән беру қажеттігін қадап айтты.

«Елдің бірлігі болған кезде қандай жау келсе де, жеңіп шыққан болтынбыз. Ал қазақтың арасын арандатып, бір-бірімен баққа, таққа таласқан кезде халықтан, елімізден, жерімізден айырылып қала жаздағанбыз. Осыны есімізде сақтасақ, болашағымыз өте жарқын болады. Себебі, біздің жерімізде барлығы бар, яғни жердің байлығы, халқымыз да парасатты әрі білімді, жастарымыз дүниежүзілік деңгейде тәлім алуда. Болашағымызға көз салып, көп жұмыстар жасап жатырмыз», - деді Мемлекет басшысы.