Тарихты таспалаған 30 жыл: Көкшетауда Президент Телерадиокешенінің үздік фильмдері көрсетілді
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында «Хроникадан болашаққа» ауқымды ағартушылық жобасы аясында Президент Телерадиокешенінің жеке продакшн-базасы — Деректі кино орталығы түсірген фильмдердің көрсетілімі өтті, деп жазды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Деректі кино белгілі бір оқиғаны ғана емес, тұтас дәуірдің тынысын, уақыттың көңіл күйін де хатқа түсіре алады. Президент Телерадиокешенінің 30 жылдығына арналған республикалық кинолекторийі көрермендерге адам, табиғат, маңызды оқиғалар мен бүгінгі таңда ел болашағын айқындайтын үдерістер туралы авторлық деректі фильмдермен таныстырады. Облыс орталығының тұрғындары «Жолбарыс: тайгадан далаға», «Travel Kazakhstan», «ARAL» және «Құланды аралынан шыққан адам» фильмдерін тамашалады.
— Бүгінгі күн Ақмола облысының жұртшылығы үшін айрықша маңызға ие. Біз бұл деректі кино мерекесінің эстафетасын Қарағанды облысынан үлкен қуанышпен қабыл алып отырмыз. Бұл — қазақстандық қоғамның қазіргі өміріне арналған Президент Телерадиокешенінің үздік туындыларымен танысуға берілген тамаша мүмкіндік, — деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев.
Егер «Travel Kazakhstan» деректі фильмі еліміздің туристік әлеуеті мен оның мүмкіндіктері туралы баяндайтын болса, «Жолбарыс: тайгадан далаға» картинасы туран жолбарысын Қазақстанға қайта әкелу тарихын арқау етеді.
2026 жылғы мамырда Ресей Президенті Владимир Путиннің Астанаға мемлекеттік сапары барысында елімізге тосын сый жасалды — Қиыр Шығыс тайгасынан Іле-Балқаш резерватына төрт амур жолбарысы жеткізілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей көшбасшысының бұл сыйын сапардың «ерекше бір көрігі» деп атады. Фильм экологиялық бастаманың дипломатиялық хаттама шеңберінен асып, Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейінің символына айналғанын көрсетеді.
Тұран жолбарысы кезінде Орталық Азия аумағында, соның ішінде Қазақстанда да мекендеген. Алайда уақыт өте келе бұл жануар өңірден мүлдем жойылып кетті. Сондықтан қазіргі бастама жануарларды жай ғана қоныстандыру емес, жоғалған экожүйенің бір бөлігін қалпына келтіруге жасалған талпыныс ретінде қарастырылады.
— Фильм экожүйенің қаншалықты нәзік екенін түсіндіреді. Жолбарысты қайтару — жай ғана жануарды әкелу емес. Оның табиғи ортасын, қорек базасын қалпына келтіріп, өздігінен өмір сүре алатындай жағдай жасау қажет, — деді фильмді тамашалаған көкшетаулық Гүлбаршын Салық.
Мәдина Мүбарак кезінде Қазақстан аумағын мекендеген осы бір айбарлы жануарға қатысты тарихқа қызығады.
— Бұл — Қазақстанның болашағына салынған стратегиялық инвестиция. Бұл бағдарлама жоғалған табиғи мұраны қалпына келтіру және ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді мемлекеттік саясатты көрсетеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың табиғатты және тарихи жадыны сақтауға деген қамқорлығы еліміздің экожүйесін дамытуға кешенді көзқарас қалыптасқанын аңғартады. Амур жолбарыстары Қазақстанға даланың күші мен айбатының символын қайтаратын жаңа популяцияның негізіне айналуы мүмкін. Сонымен қатар бұл — қоғамымыздың өз ресурстары мен тарихына деген көзқарасының кемелденгенінің көрсеткіші, — деп атап өтті Мадина Мүбарак.
«Хроникадан болашаққа» кинолекторийі көрерменге Қазақстанға тек ресми даталар мен статистика арқылы ғана емес, адамдардың тағдыры, табиғат және елдің бүгінін қалыптастыратын оқиғалар арқылы қарауға мүмкіндік береді. Фильм авторлары «біз табиғатты сақтап қала аламыз ба, жоғалған дүниені қайта қалпына келтіре аламыз ба, адамдарды табиғи апат салдарынан қорғай аламыз ба, ұлттық мұраны сақтап, ел тарихы мен оған деген жауапкершілікті кейінгі ұрпаққа жеткізе аламыз ба» деген өзекті мәселелерді көтереді.
— Отыз жыл бойы Президент Телерадиокешенінің ұжымы сапарлар, кездесулер мен түрлі іс-шараларды ақпараттық тұрғыда сүйемелдеп, оларды ел тарихының жылнамасына енген деректі фильмдерге айналдырып келеді. Уақыт өте келе қызмет ауқымы кеңейіп, хроникалық материалдармен қатар мәдени және әлеуметтік тақырыптарды қамтитын шығармашылық жобалар да қолға алынды. Бүгінде біз Көкшетау қаласында өзіміз мақтан тұтатын төрт шығармашылық жобамызды ұсынып отырмыз. «Құланды аралынан шыққан адам» және «Арал» фильмдері Қазақстанның атын Америка, Италия, Англия және Ресейде өткен көптеген халықаралық кинофестивальдерде таныстырды, — деді Деректі кино орталығының редакторы әрі сценарий авторы Мадина Арғын.
Айта кетейік, ҚР Президент Телерадиокешенінің «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийінің ашылуы 2026 жылғы 21 мамырда Астанада өтті. Жоба Қазақстанның 20 қаласын қамтуды көздейді. Көрсетілімдер бұған дейін Астана, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Павлодар, Петропавл, Жезқазған және Қарағанды қалаларында өтті.
Көкшетаудан кейін кинолекторий Қостанайға, одан әрі Талдықорған мен Қонаевқа аттанады. Қорытынды көрсетілім 25 қыркүйекте Алматыда өтеді. Фильм көрсетілімдері өңір әкімдіктерінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.