18:08, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Тарихты ұлттық тұрғыда зерттеу әрқашан да ерекше маңызға ие - Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының бөлім меңгерушісі
АЛМАТЫ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Тарихты ұлттық тұрғыда зерттеу әрқашан да ерекше маңызға ие. Бүгін Алматыда өтіп жатқан «Әділет» қоғамы: тоталитарлық тарихтан – демократиялық болашаққа» деп аталатын ғылыми-тәжірибелік конференцияда осылай айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Тарихымыздың қатпарлы кезеңдерін қарастырып, зерттелмей қалған тарихи мұраларды ұлттық негізде қайта белгілеу тәуелсіз Қазақстан үшін маңызды басымдық. Өткен тарихтың озбыр шешімдерінің кейбіріне қатысты езіп-жаншуға бағытталған өктем жүйенің әрекеттеріне бүгінгі күн тұрғысынан әділ бағасын беріп, тарихи шындығын қазбалау егемендікке қол жеткізген кез-келген елде үрдіске айналар тарихи заңдылық. Осы бағытта бірқатар саяси зерттеу ұйымдары мен жекелеген тарихшылар елеулі іс атқарып келеді. Тарихи зерттеу, ағарту шараларында көбінесе кешегі тоталитарлық кеңістіктің мұрагерлері емес, тәуелсіз мемлекет рухында зерделей алатын, ұлттық тұрғыда дәлелді түрде айта алатын тарихшылардың көрінуі қуантарлық жәйт», - дейді Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының бөлім меңгерушісі Толқын Сәметова. Бүгінгі күні тарих ақтаңдақтарын қайта зерттеуде «Әділет» қоғамының орны ерекше болып отыр. Басқарманың үкіметтік емес ұйымдар және діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің басшысы Толқын Төлеушайыққызының пайымдауынша, «Әділет» қоғамы тынымсыз еңбек еткен 20 жыл еліміздің өте жауапты маңызды тарихи кезеңіне тұпа-тұс келуімен де бағалы. Өйткені осы уақыт аралығында еліміз егемендікке ие болып, ірге көтерді, дамудың жарқын жолына түсті.