Тәркіленген жалған ақша көлемі 1,7 млн. теңге ? Қаржы полициясы
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін өткізілген брифинг барысында Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай жалған ақша жасау және оны тарату қылмыстарына байланысты атқарылған шаралар жайлы хабардар етті.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қаржы полициясы органдары осындай фактілер туралы 74 қылмыстық істі тергеуде. Жалпы алынған жалған ақша көлемі 1,7 млн. теңгені құрап отыр.«Қылмыстың бұл түрлері еліміздің ақша-несие жүйесінің тұрақты қызмет етуіне қауіп төндіреді және нарықтық қатынастардың дамуына нұқсан келтіреді. Жалған ақша жасау мен сату үшін ең ауыр жаза ретінде мүлкін тәркілеу мен 15 жылға бас бостандығынан айыру көзделген», - деді М.Жұманбай.2008 жылы қаржы полициясы органдарының өндірісінде жалған ақша жасау фактісі бойынша 299 қылмыстық іс қаралып, оның 87 сотқа жіберілген. Тәркіленген ақша көлемі 626,5 мың теңге және 1600 АҚШ доллары болған.