Тәртіп сақшылары арнайы операция барысында іздеуде жүрген 439 азаматты ұстады
Олардың 70-іне өткен жылы іздеу салынған. Ал 7-уі 10 жылдан бері, 5-уі 19 жылдан бері құқық қорғау органдарынан бой тасалап жүрген. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның мәліметтеріне қарағанда, ұсталғандардың 8-іне кісі өлтіргені, 12-сіне адам денсаулығына ауыр зақым келтіргені үшін, 11-іне қарақшылық, 28-іне тонау әрекеттері үшін іздеу салынған. «Іздеу» операциясы наурыздың 23-і мен 28-і аралығында жүрді. «Нақты мәліметтерге сүйенетін болсақ, наурыздың 24-і күні Ақмола облысының полицейлері Көкшетауда тұрақты мекені жоқ Көкшетау қаласының 26 жасар тұрғынын ұстаған. Ол 2007 жылы мас күйінде осы қаланың тұрғынын өлтіргені үшін іздеуде жүрген. Ал Атырау облысының тәртіп сақшылары іздеуде жүрген Атырау қаласының
33 жасар азаматын ұстады. Ол 2010 жылы дүкеннің сатушысын қорқытып, ұялы телефонға арналған актив карталарын тартып алып, сатушының денесіне пышақ жарақатын салған. Сондай-ақ Астанада қала тұрғынына пышақ кезеніп, қарақшылық шабуыл жасағаны үшін және ақша бопсалағаны үшін 9 жылдан бері іздеуде жүрген 32 жасар азамат ұсталды.