Тәртіп сақшылары «Көршілер бақылауы» жобасы аясында 932 заң бұзу әрекетін анықтады
«Көршілер бақылауы» профилактикалық бағдарламасының 8 (715-2) 61-20-02 сенім телефонына келіп түскен қоңыраулар тәулік бойы қабылданады. Кез келген қала тұрғыны өзінің ауласында не болмаса көшесінде болып жатқан күдікті жағдайлар туралы хабар бере алады. Өткен жылы сенім телефонына 2 мыңнан астам хабарлама келіп түсті. Соның нәтижесінде 932 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 23 қылмыс ашылды. Олардың ішінде көш бастап тұрғандары - белгіленбеген орындарда сауда жүргізу, абаттандыру ережелерін бұзу, сондай-ақ иттер мен мысықтарды серуенге шығару тәртібін сақтамау. Одан бөлек, ҚР-да тіркеусіз немесе жеке басты куәландыратын құжаттың болмауына қатысты 114 әкімшілік хаттама толтырылды. Сенім телефонына келіп түскен 2149 қоңыраудың 135-інде фактілер расталмаған», -делінген департамент хабарламасында.
«Көршілер бақылауы» профилактикалық шарасы облыс орталығында 2011 жылдан бастап жұмыс істейді. Ондағы мақсат - қоғамдағы оқиғаларға бейжай қарамайтын азаматтармен бірлесіп, үйлер мен көшелерде болуы мүмкін құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың уақтылы жолын кесу. «Көршілер бақылауының» сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Егер Сіз жасалып жатқан қылмыстың немесе құқық бұзушылықтың куәгері болсаңыз, кез келген уақытта жасырын түрде хабарласып, ол туралы баяндай аласыз» - дейді СҚО Полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Жандос Мұқатов.
Сонымен қатар, профилактикалық топтың қызметкерлері заңсыз алкогольдік өнімдерді сату орындарын анықтау бойынша рейдтік іс-шараларды өткізуде. Сол сияқты тұрғындармен ішімдіктің салдарынан тұрмыста туындайтын тәртіпсіздіктер мен құқық бұзушылықтарды болдырмау туралы профилактикалық әңгімелер жүргізіледі.
Аталған өңірдің тәртіп сақшылары үй аулалары мен көшелерде қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында қала тұрғындарынан азаматтық белсенділік танытуға шақырады.