Тәртіп сақшылары соңғы тәуліктерде өте ірі көлемде есірткілік заттар тәркіледі ? апталық брифинг

АСТАНА. Сәуірдің 4-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мамыр мерекесі қарсаңында және одан кейін де республикадағы қылмыстық ахуал тұрақты болды.

Тәртіп сақшылары соңғы тәуліктерде өте ірі көлемде есірткілік 
заттар тәркіледі ? апталық брифинг
Соңғы апта ішінде, яғни сәуірдің 25-і мен мамырдың 1-і аралығында республикада 1 мың 700-ден астам қылмыс тіркелді. Оның ішінде 1 мың 400 қылмыстың ізі суымай ашылды. Бұл мәліметтерді бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Ернұр Уәли мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, ағымдағы мерзімде іздеуде жүрген 133 адам қолға түсіп, 29 дана атыс қаруы тәркіленген. Сонымен қатар 57 есірткі саудалау фактісі анықталды. «Оңтүстік Қазақстан облысының Ішкі істер департаментінің қызметкерлері «Қызыл ту» бекетінде жедел-іздестіру шараларының барысында жолаушылар автобусын тоқтатып, оның салонындағы өзбекстандық жолаушыдан 1,5 килә героин тапқан. Ал Қостанай облысында жолаушылар көлігінен ұсталған Ресей азаматынан шамамен 7 киләға жуық гашиш тәркіленді. Тағы бір оқиға Қарағанды облысының Теміртау қаласында орын алды. Онда тәртіп сақшылары «Алматы-Астана» бағытындағы жол бойында «Тойота» автокөлігін тоқтатып, оны тексеру барысында 55 киләға жуық марихуана тапқан», - деді департамент бастығының орынбасары. Оның мәліметтері бойынша, есірткіге қатысты осы тектес жағдай Жамбыл облысының Меркі стансысында болған. Онда көліктегі полиция қызметкерлері стансыдағы жолаушылардың бірінен 2 килә героин тәркілеген. «Бұл апта ішінде ашылған есірткімен байланысты 200-ге тарта қылмыстардың ең ірісі», - деді Е.Уәли. Оның сөзіне қарағанда, Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмалары бойынша қоғамдық тәртіпті қадағалау мен көшеде жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша да жүйелі шаралар жүргізуде. Осыған орай күн сайын республикадағы қоғамдық тәртіпті қадағалауға шамамен 19 мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылып отыр.