14:32, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Тәртіп сақшысы 242 мың теңге парамен ұсталды
АСТАНА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Өткен аптада, яғни қаңтардың 31-і мен ақпанның 6-сы аралығында республикада 1 мың 963 қылмыс тіркелді.

Оның 41-і кісі өлтіру, 21-і қарақшылық, 181-і тонау әрекеттері болып отыр. Сондай-ақ 864 рет ұрлық жасалған. Бұл мәліметтермен бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен апталық брифингте министрліктің Ақпарат және тіл саясаты департаментінің бастығы Бағдат Қожахметов таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, аталған мерзімде тәртіп сақшылары 1 мың 572 қылмыстың бетін ашып, іздеуде жүрген 76 қылмыскерді қолға түсірген. Сондай-ақ 9 атыс қаруын тәркілеген. «Осы уақыт аралығында есірткімен байланысты 168 қылмыс тіркеліп, оның 68 фактісі есірткіні саудалауға қатысты болып отыр. Ал республика жолдарында 192 жол- көлік оқиғасы орын алып, оның салдарынан 31 адам мерт болды. 254 адам түрлі дәрежеде дене жарақаттарын алды», дейді департамент бастығы. Сондай-ақ ол келтірген фактілерге қарағанда, ақпанның 3-і күні Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің Өзіндік қауіпсіздік қызметінің өкілдері жолда жүру ережесін бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершіліктен «құтқарамын» деп 242 мың теңге пара алған қалалық департаменттің қызметкерін ұстаған.