«Тәртіпке бағынбаған телеарналар лицензиясынан айырылуы мүмкін» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 12 қараша, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None
*** «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Аймақаралық ынтымақтастықтың биік асулары» атты мақала берілген. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Екатеринбург қаласында өткен Қазақстан - Ресей X аймақаралық форумына қатысты. Биылғы мерейтойлық басқосуға екі елдің экономикалық ынтымақтастығын жандандыру жайы өзек болды. Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің Свердловск облысы губернаторының резиденциясында өткен Қазақстан- Ресей X аймақаралық форумы қос мемлекет басшыларының екіжақты кездесуімен басталды. Қазақстан басшысы аймақаралық ынтымақтастықтың орнағанына 10 жыл толғанын, бұл мерзім аралығында көптеген жұмыстардың басы қайырылғанын атап өтті. «Біз биыл 10-шы мерейтойлық форумға жиналып отырмыз. Әрине, 10 жыл ішінде біраз жұмыс атқарылды. Бұл Кеден одағының құрылуына негіз болды. Енді біз ықпалдастықтың келесі деңгейіне өту бағытында жұмыстар атқарудамыз. Соңғы уақытта бірлескен кәсіпорындар құру, шекаралас аймақтар, облыстар арасындағы сауда айналымы артуда», -деді Елбасы өз сөзінде. Қазақстан басшысының айтуынша, екі ел арасындағы сауда айналымының 70 пайызы шекаралас өңірлердің еншісіне тиіп отыр. Еліміздің бас басылымының жазуынша, биыл ғұлама ойшыл, атақты философ, танымал ақын, шығыстанушы-ғалым, фольклор мұрасын жинаушы Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің туғанына 155 жыл толып отыр. Осыған орай, әулие қонған бабамыздың рухани мұрасын мәңгілік ету бағытында 20 томдық жинағының тұсауы кесілді. Жалпы, Мәшһүр атамыздың мұраларын насихаттауда қазіргі уақытқа дейін қыруар жұмыс атқарылды. Әлі де атқарыла бермек. Осыдан 7 жыл бұрын, яғни 2006 жылы өзінің туған өлкесі - Баянауыл баурайындағы Ескелді шатқалында кесенесі бой көтерді. Бұл бүкіл қазақстандықтарды өзіне тартқан бірегей туристік орынға айналды деуге де болады. Одан кейін Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде 14 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Мұның бәрі - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасының жемісі. Соның арқасында жадымыздан жырақтап бара жатқан қазақ халқының бірқатар тұлғаларын қайта тірілттік. Ортамызға қайта әкелдік. Газеттегі бул туралы мақала «Мәшһүр-Жүсіп еңбектері жиырма том болып жарық көрді» деген тақырыппен жарияланды. *** «Айқын» басылымының жазуынша, Қазақстанда телеарналардағы қазақ тілді хабарлардың басым үлеске ие болуына қол жеткізіледі. Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақстандық телеарналар алдына 1 желтоқсанға дейін қазақша контентті 50%-дан көтеру туралы қатаң талап қойылғандығын мәлім етті. Тәртіпке бағынбай, заң бұзған телеарналардың тіпті лицензиясы тоқтатылуы мүмкін. - Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң бар, - деді Мұхтар Абрарұлы. - Онда нақты регламенттелген заңдық норма көзделген, ол кез келген электронды ақпарат құралындағы қазақ тілді контенттің үлесі 50 пайыздан кем болмауға тиіс деп талап етеді. Бұл заңның күшін ешкім де жойған жоқ! Ол меншік түріне қарамастан, барлық БАҚ үшін ортақ. Бұл норманы біздің медиа салада жұмыс істейтіндердің және қадап айтамын - алда да жұмыс жасағысы келетіндердің бәрі еш бұлтартусыз сақтаулары тиіс, - деді ол.Мәдениет және ақпарат министрі барлық телеарналар басшыларымен екі рет кеңес құрыпты. Сонда осы талапты бұзып отырғандар «жағдайды 1 желтоқсанға дейін түзейтіндеріне» уәде берген екен. «Біз өз әріптестерімізге әлденеше рет жеңілдік жасадық. Енді барлық заң бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылданатын болады. Тіпті лицензияны кері қайтарып алуға дейін барамыз. Бірақ қайталап айтамын: егер заңды сақтайтын болса, ешкімді де жазалауға құштар емеспіз. Заңды сақтаңыздар, сонда біз ары қарай да шығармашылық тұрғыдан бірлесе жұмыс жасаймыз!» деп нықтады министр. Осы жайында толық білгіңіз келсе, газеттегі «Тәртіпке бағынбаған телеарналар лицензиясынан айырылуы мүмкін» деген мақаланы оқыңыз.Осы басылымда «Халық Елбасы ескертпелерін қолдайды» деген мақала берілген. Қазақстандықтардың 99%-ы жол-көлік оқиғаларын жасағандарға жазаны күшейтуді жақтап отыр.Бұл туралы кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар орталығында «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығының Жобалар директоры, Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Юлия Кучинская жария етті. Бұл институт 1 және 7 қараша аралығында Қазақстандағы барлық өңірлерді, соның ішінде тек қалаларды ғана емес, ауылдарды да қамтыған әлеуметтік зерттеулер өткізіпті. Олардың барысында 11 қазандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Назарбаев қойған міндеттерге және сыни ескертпелерге халықтың көзқарасы бағамдалды. Соның нәтижесінде халықтың Президент айтқан жайттарды қаншалықты қолдайтындығы және Елбасының ескертпелерінің халық тілегіне қаншалықты жауап беретіндігі, оның ел арасындағы алаңдаушылықты қаншалықты дөп басқандығы анықталды, - деді Ю.Кучинская. Сауалнама нәтижесі көрсеткеніндей, қазақстандықтардың 98 пайызы «Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы көтерген барлық мәселелер халықтың алаңдаушылығы мен талап-тілегін нақ көрсетеді» деген байлам жасапты. *** «Ана тілі» басылымының соңғы санында «Жер астынан жік шықты...» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Жуырда ғаламтор желілерінде Сирияға барған қазақтар туралы бейне-жазба көрсетілді. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Сирияға 150-ге жуық отандасымыз аттанған. Оқу үшін, білім-ғылым іздеп барса бір сәрі. Өкініштісі, бейне-жазбада көрсетілгендей олар «Сирияға жиһад жасау үшін» барған. Ең жаманы, сол «жиһадшылардың» ішінде 30-ға жуық бала бар көрінеді»,-деп жазады мақала авторы.
Соңғы жаңалықтар