Tartyl fest: Атыраулық қатысушылар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері бар

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін, 31 шілдеде Атырау қаласында республикалық «Tartyl fest» турникке тартылу фестивалі өтеді. Оған қатысуға тілек білдіргендердің арасында зейнеткер де, Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған бойжеткен де, тіпті, 6-7 жастағы балалар да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фестивальді Президент жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры ұйымдастырып отыр. Атыраудағы фестиваль Сұлтан Бейбарыс алаңында өтеді. Жарысқа қатысушыларды тіркеу сағат 9:00-ден бері жалғасып жатыр. Жарыс жергілікті уақытпен сағат 17:00-де басталады.

Фестивальдің амбассодоры – Street workout қозғалысының негізін қалаушылардың бірі бірі – Айтым Жакупов. Атырау тұрғындары фестиваль қонағы – әнші Мирас Жүгінісовтің өнерін тамашалайды. Оның концерті кешкі сағат 22:00-де басталатыны жоспарланып отыр.

«Бұл фестиваль бұқаралық спортты дамыту және жастарды салауатты өмірге баулу мақсатын көздейді. Сол себептен, оған қатысушылардың жынысына да, жасына шектеу қойылмайды. Қатысуға ниет білдіргендердің бәрін тіркеуге мүмкіндік жасалып отыр», -дейді фестивальді ұйымдастырушылар.

«Tartyl fest» турникке тартылу фестиваліне қатысуға тілек білдіргендердің арасында зейнеткер де, Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған бойжеткен де, тіпті, 6-7 жастағы балалар да бар.

Қатысушылардың ең үлкенін Бақтығали Қаракөзов бастап түр. Зейнеткердің жасы – 64-те.

Ал, қыздар арасынан 17 жасар Дана Абдирова алғашқы болып тіркелген. Оның есімі тек атыраулықтарға ғана емес, Азия құрлығына да танымал.

Ол бала күнінен дзюдо спортымен айналысады. Биылғы сәуірде дзюдошы Дана Абдирова Ташкент қаласында өткен Азия Кубогінің иегері атанған болатын.

Ал, жақында Тайланд елінің астанасы – Бангкок қаласында жалауы желбіреген Азия чемпионатында 57 келі салмақта сынға түсті. Бұл доданың финалында Үндістан Республикасының балуаны Линтой Чанамбамнан ұтылып, Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

«Tartyl fest» фестивалінде 9 салмақ санаты бойынша 27 жеңімпаз анықталады. Қатысушылар мына категорияда бақ сынайды. 18 жасқа дейін (жасөспірімдер): 1) салмақ – 55 кг дейін; 2) салмақ – 55 кг бастап 70 кг дейін; 3) салмақ – 70 кг бастап жоғары қарай 18 жастан 30 жасқа дейін (жастар): 4) салмақ – 65 кг дейін; 5) салмақ – 65 кг бастап 80 кг дейін; 6) салмақ – 80 кг бастап жоғары қарай; 30 жастан жоғары қарай (үлкендер): 7) салмақ– 80 кг бастап; 8) салмақ – 80 кг бастап 90 кг дейін; 9) салмақ – 90 кг жоғары.

Әр қаладағы фестивальдың жүлде қоры мынадай: 1 орын – 200 мың теңге, 2 орын – 100 мың теңге, 3 орын – 50 мың теңге. Гранд финалға қомақты жүлде қоры белгіленген. 1 орын – 3 млн теңге, 2 орын – 2 млн теңге, 3 орын – 1 млн теңге. Гранд финал Нұр-Сұлтан қаласында 8 қыркүйек күні өтеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Tartyl Fest» турникке тартылу бойынша республикалық спорт фестивалі Қонаев қаласында басталған еді.

Бұдан соң аталған фестиваль Талдықорған, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларында өтті. Шымкенттегі жарыста Азамат Сапар турникке 41 рет тартылып, рекордтық көрсеткішті жаңартты. Ал, Қызылордадағы сайыста 75 жастағы Александр Ким мен 6 жасар балақай Жандәулет Бағдатұлы белтемірге 15 мәрте тартылды .

Қонаев қаласында 10 шілдеде басталған фестиваль 6 қыркүйекке дейін өтеді. Ееліміздің 20 қаласының әрқайсысынан 27 жеңімпаз анықталады. Олар Нұр-Сұлтан қаласында өтетін гранд-финалға қатысады. Гранд финалдың жүлде қоры – 54 млн теңге. Ал, гранд-финал чемпиондары Street Workout бойынша әлем чемпионатына қатыса алады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын бүгін Атырауда «Tartyl fest» турникке тартылу фестивалі жалғасатынын жазған едік.



Соңғы жаңалықтар