Tartyl fest турникке тартылу фестивалі ертең Өскеменде өтеді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Республикалық Tartyl fest турникке тартылу фестивалі ертең Өскемен қаласында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Tartyl fest турникке тартылу фестивалі ертең Өскеменде өтеді

ҚР Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры ұйымдастырып отырған шараның мақсаты – бұқаралық спортты дамыту және жастарды салауатты өмірге баулу.

Турникке тартылудан Tartyl Fest республикалық спорт фестиваліне қатысуға ниет білдірушілер Амфитеатр алаңына сағат 9:00-ден бастап келе алады. Қатысушыларды тіркеу сағат 11:00-ге дейін жүргізілмек. Ал, шараның ашылу салтанаты сағат 12:00-ге жоспарланған.

Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 3-ке бөлінеді. Атап айтқанда, 18 жасқа дейін (жасөспірімдер), 18-ден 30 жасқа дейін (жастар) және 30 жас пен одан үлкендер (ересектер).

Жүлде қоры: 1 орын – 200 мың теңге, 2 орын – 100 мың теңге, 3 орын – 50 мың теңге. Гранд финалдың жүлде қоры: 1 орын – 3 млн теңге, 2 орын – 2 млн теңге, 3 орын – 1 млн теңге. Гранд финал 8 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Павлодарда Tartyl Fest жеңімпаздары анықталғаны хабарланған болатын.