Тас қараңғыда тұрамыз: ШҚО-да ауыл халқы көшелерінде жарық жоқтығына шағымданды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Үшбұлақ ауылының тұрғындарын толғандырған түйткілді мәселелер шаш етектен. Оның ішінде ең өзектісі — көшелердегі жарықтың жоқтығы. Бұл әсіресе кешке мектептен қайтқан оқушыларға ыңғайсыз. Одан соң ауыл халқын интернет пен ауызсу мәселелері де мазалап отыр.
«Халық үніне құлақ аспайды»
Kazinform редакциясына хабарласқан үшбұлақтықтар ауылдық округ әкіміне талай мәрте жүгінгендерін, бірақ одан еш нәтиже болмағанын айтты.
«Ауыл көшелерінің жарықтандырылмай келе жатқанына қаншама уақыт өтті. Сонда осылай тас қараңғыда тұра береміз бе?! Кешкісін далада телефонсыз жүре алмайсың. Көзге түртсе көргісіз. Бастауыш сыныпта оқитын балаларды обал. Мектептен қайтқанда қорқады», — дейді аты-жөндерін атамауды сұраған ауылдықтар.
Олардың айтуынша, ауылға интернет орнатуға бір компания қызметкерлері келген. Бірақ әлі күнге дейін интернет қолжетімді емес.
«Бізге ауызсу тартылғаны рас. Бірақ құдықтарды қалай болса солай орнатып кетті. Бір құдық мүлде майысып құлап жатыр. Жергілікті жұрт отын тиейтін жүк көлігі қағып кеткен дейді. Енді соны жөндеп қоюға болады ғой?! Жалпы ауылдық округ әкімінің жұмысына көңіліміз толмайды. Халықпен сөйлеспейді, бір ұсыныс айтсақ мүлде құлақ аспайды. Сұрақ қойсақ жауап бермейді. Жылдық есеп те бермейді. Сол үшін амалсыздан сіздерге хабарласуға мәжбүр болдық. Ауыл халқының WatsАpp-та ашқан чат бар. Сонда бәрі әкімнің жұмысына наразылығын білдіріп жатады», — дейді тұрғындар.
Қаражат бөлініп, келісімшарт жасалды
Бүгінде Үшбұлақ ауылында 268 адам тұрады. Жұрт көтерген мәселелерге қатысты нақты жауап алу үшін Күршім ауданының әкімдігіне сауалхат жолдадық.
«Үшбұлақ ауылында жалпы ұзындығы 3,75 шақырым болатын 3 көше бар. Онда барлығы 40 бағана орнатылып, 40 жарықшамы жанып тұр. Олар Абай көшесі (көше ұзындығы 1,5 шақырым) Горная көшесі (0,75 шақырым) Жағалау көшесі (1,5 шақырым). Абай көшесіне 2023 жылы 25 баған, 25 лампа орнатылды. Қалған екі көше әлі толық жарықтандырылмаған», — деп жауап берді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Әлібеков.
Бірақ алдағы уақытта жарық мәселесі шешімін таппақ. Ол үшін көшелерге 54 бағана мен 54 жарық шамын орнату жоспарланып отыр екен. Десе де нақты қай күні екендігі әкімдік жауабында айтылмады.
«Үшбұлақ ауылына 2020 жылы блоктік-модульдік станция орнатылған. Осы су тазарту станциясы үшін бюджеттен 26 млн теңге қаражат бөлініп, мердігер „Күршім“ мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен келісімшарт жасалды. Нәтижесінде, 3,3 шақырым су құбыры тартылып, 12 құдық орнатылды. Ал интернетке қатысты айтар болсақ, елді мекенде Алтел-2G (9,4 мбит/с) ұстайды. 2024 жылы антенна-мачталық құрылғыны салу үшін 157 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу порталына конкурс жарияланған. „Үшбұлақ ауылынан батысқа қарай 5,4 км жерде биіктігі 40 метр антенна-мачталық құрылғыны салу“ жобасы бойынша 18 шілдеде мердігер „Древстроймаркетинг“ ЖШС-мен 147 348 068 теңгеге келісімшарт жасалды. Содан соң антенна-мачталық құрылғының фундаменті құйылды. Қазіргі таңда антеннаның темір материалдары құрастырылып жатыр», — дейді Мейіржан Әлібеков.
Бұл жұмыстың 50 пайызы аяқталған. Құрылыс жұмыстары мәресіне жеткеннен кейін елді мекенде Beelinе, Tele2, Актив, Алтел, Kcell байланыс операторларымен Үшбұлақ ауылдық округі әкімдігі арасында келісімшарттар жасалуы тиіс. Соның негізінде ауыл толықтай интернет желісімен қамтамасыз етілмек.