Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Тас көшкініне тап болған турист тікұшақпен эвакуацияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысы Қарасай ауданындағы Карнизный шыңы маңында турист 4500 метр биіктікте тауға шығу кезінде тас көшкініне тап болып, аяғы мен бетінен жарақат алған. Оқиғадан кейін оның орналасқан жері белгісіз болып, таулы аймақтан өздігінен шыға алмаған. Бұл туралы ТЖМ мәлім етті.

Тас көшкініне тап болған турист тікұшақпен эвакуацияланды
Видеодан алынған кадр

— Іздеу жұмыстарына Конаев қаласының жедел-құтқару жасағының, ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметінің құтқарушылары және Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің күштері шұғыл түрде кірісті. Әріптестермен бірлесіп іздестіру-құтқару жұмыстары ұйымдастырылып, оның барысында зардап шеккен адамның орналасқан жері анықталды, — делінген хабарламада.

Жедел эвакуациялау үшін «Қазавиақұтқару» тікұшағы тартылды. Зардап шеккен адам Боралдай әуежайына жеткізіліп, ол жерде оны Апаттар медицинасы орталығының бригадасы қарсы алды. Кейін ол Алматы қаласының қалалық клиникалық ауруханасына жатқызылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы тауларында адасып кеткен үш жасөспірім құтқарылған болатын.