Ташкент Қазақстан Президентін қарсы алуға дайындалып жатыр — фоторепортаж
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан Президентінің шақыруымен бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкентке мемлекеттік сапармен келеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Өзбек тарапы жоғары деңгейдегі сапарға айырқша мән бере отырып, қызу дайындыққа кіріскен. Атап айтқанда, Ташкенттегі мамыражай тіршілік бұл күндері қарбаласқа ұласты.

Әсіресе, қаланың коммуналдық қызметі мамандарының жұмысы ерекше көзге түседі. Олар бірнеше күннен бері көшет пен гүл егіп, қаланы тазалап, абаттандырумен айналысып жатыр.




Сондай-ақ, И.Каримов атындағы Ташкент халықаралық әуежайынан бастап, шаһардың орталығына дейінгі Ә.Науаи, А.Қадыри, Қарасарай көшелері мен Кіші айналма жолдың бойына Қазақстан тулары ілінді. Аталған аумақтардағы қауіпсіздік шаралары да күшейтілген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кортежі жүріп өтетін Ташкенттің басты көшелерінде Ұлтық гвардия сарбаздары мен жол қозғалысы инспекторлары сап түзеп тұр.



Жоспарға сай, Мемлекет басшысы мінген нөмірі бірінші борт Ташкент әуежайына бүгін түстен кейін келіп қонады. 15 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев әуелі шағын, кейін кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізеді.



Президенттер сауда, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика, энергетика, су ресурстары, мәдени-гуманитарлық салалардағы жобаларды талқылап, ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындайды.





Ал 16 қарашада Ташкенттегі Конгресс-орталықта Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жетінші Консультативтік кездесуі өтеді. Оған өңір елдерінің президенттері қатысады.

Айта кетелік 14-15 қараша күндері Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Ташкентке мемлекеттік сапармен баратыны туралы жазған едік.