«Астана Балет» театр маусымын «Алтын гүл» премьерасымен аяқтайды
АСТАНА. KAZINFORM — Теңлік қорғанынан табылған жәдігер жаңа балетке арқау болды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
26-27 маусым күндері «Астана Балет» театры сахнасында «Алтын гүл» балеті қойылады. Аталған туынды театрдың шығармашылық маусымын түйіндейтін айтулы премьера болмақ.
— Қойылым идеясына б. з. д. III–II ғасырларға жататын, Теңлік қорғандарынан табылған, қызғалдақ бейнесі бедерленген алтын пластина арқау болған. Либретто авторы — ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков. Премьера ұлттық құндылықтарды дәріптеп, адам мен табиғаттың үйлесімін, ұрпақтар сабақтастығын көркем түрде бейнелейді, — делінген хабарламада.
Қойылымның басты кейіпкері — дала қызғалдағының сұлулығынан шабыт алған зергер. Оның тағдыры арқылы атадан балаға жалғасқан дәстүр, туған жерге деген сүйіспеншілік және ұлттық құндылықтарға адалдық идеясы хореография, музыка және сахнадағы образдар негізінде суреттеледі. Балет музыкасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ренат Ғайсин жазған.
Спектакльдің қоюшы-хореографы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың бас балетмейстері Мұқарам Әбубахриева. Ал әртістердің болмысын суретші Әйгерім Алтыбасарова әзірлеген сахналық костюмдер аша түседі.
«Алтын гүл» қойылымында классикалық балет, неоклассика мен заманауи би бағыттары ұштастырылады. Спектакль бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.
Бұдан бұрын Шымкентте Мәдениет және өнер университеті құрылып, жаңа Опера және балет театры салынатынын жазғанбыз.