Ташкентте екі қазақстандық боксшы жеңіске жетіп, біреуі жеңіліп қалды
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстан астанасы Ташкентте бокс кеші өтіп, оған бірқатар қазақстандық боксшы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстандық боксшы Рамазан Орынбасарұлы (0-1) кәсіби мансабындағы екінші жекпе-жегін өткізіп, 22 жастағы Өзбекстан боксшысы Жасур Зохидовпен (3-0, 3 КО) жұдырықтасты.
Айқас жеті раундқа жоспарланғанымен, алғашқы үш минутта қазақстандық боксшы тахникалық нокаут алды. Орынбасарұлы ауыр соққыны өткізіп алып, канвасқа құлап кетті. Рефери нокдаун есептеді, содан кейін қазақстандық боксшының бұрышы ақ орамал тастап, жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
Тағы бір қазақстандық боксшы Дамир Құлжабаев кәсіби мансабындағы екінші жекпе-жегін 20 жастағы өзбекстандық спортшы Афзалбек Бахтиеровқа (0-5) қарсы өткізді.
Аса жеңіл салмақтағы жекпе-жек төрт раундқа жоспарланған болатын. Бірақ екінші раундтың соңында Құлжабаев дәл соққы жасап, қарсыласын канвасқа жіберді. Рефери санауды бастап еді, қарсыласы есін жиып, айқас жалғасты. Бірақ үшінші раунд басталмас бұрын Бахтиеровтың бұрышы айқасты жалғастырудан бас тартатындарын мәлімдеді.
Осылайша, Дарын Құлжабаев кәсіпқой бокстағы екінші жеңісіне жетсе, Афзалбек Бахтиеров алтыншы рет жеңіліп қалды.
Ташкент төрінде жұдырықтасқан тағы бір қазақстандық Самат Жетібаев (5-0, 3 КО) кәсіби мансабындағы алтыншы айқасын өткізді.
Оның қарсыласы – 35 жастағы өзбек боксшы Шахриер Исаков (4-2, 4 КО). Жеңіл салмақтағы жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланғанымен, бесінші раундта қазақстандық боксшы қарсыласын техникалық нокаутқа жіберіп, жеңіске жетті.
Самат Жетібаев қатарынан алтыншы айқасында жеңіске жетіп, жеңілмей келе жатқан болса, Шахриер Исаков үшінші рет қарсыласына есе жіберді.