Ташкентте «Ерекше» және «Менің үлкен қазақ отбасым» қазақстандық фильмдері көрсетілді

АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан астанасында өтіп жатқан Қазақстан киносы күндері аясында отандық екі фильмнің көрсетілімі өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылды. 

Ташкентте «Ерекше» және «Менің үлкен қазақ отбасым» қазақстандық фильмдері көрсетілді
Фото: Kazinform

Ұйымдастырушылар қатарында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі жанындағы Кинематография агенттігі, «Өзбекфильм» киноцерні, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы, Tiger Films продюсерлік студиясы, Kinopark Theatres компаниясы және Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігі бар.

«Ерекше» фильмі - паралимпиадалық спорт түрі боччаға арналған алғашқы қазақстандық туынды. Фильмде махаббат пен адалдық, рух күшi мен жеңіске деген жігер, сондай-ақ әлемді өзгертуді әр адам алдымен өзінен бастауы керектігі баяндалады. Ал «Менің үлкен қазақ отбасым» фильмінің негізінде достық, халық бірлігі, отбасылық құндылықтар мен махаббат тақырыптары қозғалды.

ч
Фото: Kazinform

Екі фильмді де басты рөлдерді сомдаған танымал актерлер Бауыржан Расул, Дина Тасбулатова және Даниэль Джеймс, сондай-ақ Tiger Films компаниясының бас директоры Ерлан Бухарбаев таныстырды.

– Тәуелсіз Қазақстан киносын Өзбекстанда таныстыру біз үшін үлкен қуаныш әрі мәртебе. Өзбекстандық көрермендердің көрсетілімдерге келіп, фильмдерімізді қызығушылықпен тамашалап жатқанын көріп отырмыз. Соңғы жылдары Өзбекстанда қазақстандық киноға деген қызығушылық едәуір артты. Сол сияқты Қазақстанда да өзбек киносының танымалдығы өсіп келеді. Бұл оң үрдіс бізді қуантады, – деді Tiger Films компаниясының бас директоры Ерлан Бухарбаев.

«Ерекше» және «Менің үлкен қазақ отбасым» фильмдерінен бөлек, Ташкентте Қазақстанда түсірілген тағы төрт туынды көрермен назарына ұсынылады. Олардың қатарында «Qaitadan» апат туралы фильмі (режиссері - Думан Еркінбек), «Жабайы» отбасылық фильмі (режиссері - Дамир Әбілханов), «Алтын адам» анимациялық фильмі (режиссерлері – Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы) және «Әміре» биографиялық драмасы (режиссері – Джеффри Веспа) бар.

Айта кетейік, Қазақстан «Бриллиантовая бабочка» киносыйлығының екі жүлдесін жеңіп алды.