Ташкентте қазақ жастарының арасында Көңілділер мен тапқырлар клубының ойыны өтеді
ТАШКЕНТ. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Расул Бахамов/ – Бүгін Ташкентте Өзбекстанның Қазақ ұлттық-мәдени орталығы мен оның жастар қанатының күшімен Көңілділер мен тапқырлар клубы үшінші ойынының ақтық кезеңі өтеді. Оған елдің түрлі өңірлерінен төрт команда жиналып отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ташкент, Науаи және Ангрен қалаларының студенттері «ең көңілді және ең тапқыр» жастар атану үшін өнер жарыстырмақ. Ойынның ақтық кезеңінде Ташкент мемлекеттік пединститутының «Жаңа ғасыр», Науаи облысының институттары мен колледждерінің студенттерінен жасақталған «Науаи жігіттері», Ангрен пединститутының «Таң қалмаңыз» және Ташкент техникалық университетінің «Политех қарақшылары» командалары қатысады. Жастар жылына және «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мәңгілік достық туралы келісімшартқа» қол қойылуының 10 жылдығына орайластырылған бұл ойынның іріктеу кезеңі өткен жылдың желтоқсан айында өткен болатын.