Ташкентте қазақстандық кадет Азия чемпионы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ташкентте күрес түрлерінен кадеттер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақ ұланы чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ташкентте қазақстандық кадет Азия чемпионы атанды

Күрес түрлері федерациясының баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, жарыстың алғашқы күні екі бірдей өреніміз финалға шығып, бірі алтын медаль жеңіп алса, екіншісі күміс жүлдеге қол жеткізді. Тағы бір отандасымыз қола медальға иелік етті.

Алтынды Грек-рим күресінен 55 елі салмақта ел намысын қорғаған Дінмұхамед Қошқар қанжығасына байласа, күмісті 48 келі салмақта сынға түскен Исхар Курбанов жеңіп алды.

Дінмұхамед Қошқар финалда өзбекстандық Амирбек Солтановтан басым түссе, финалда ирандық Саджад Жавидтен 4:7 есебімен жеңілген Исхар Курбанов Азияның күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ, қола медальді 45 келідегі Мақсат Ерманов жеңіп алды. Мақсат үшінші орын үшін болған белдесуде қытай балуанын 12:1 есебімен ұтты.


Фото: sports.kz