Ташкентте коронавирус өршіп, науқастар ауруханаға сыймай жатыр

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар көбейіп, салдарынан Ташкент ауруханаларында орын жетіспеуде, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Ташкентте коронавирус өршіп, науқастар ауруханаға сыймай жатыр

Бұл туралы «Өзбекстан 24» телеарнасына Бірінші Зеңгіата көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары Олимжон Исхаков айтты.

«Біздің аурухана 2 мың адамға арналған. Бірақ қазір мұнда 2 550 науқас ем алуда. Коронавирус жұқтырғандардың саны күрт көбейді, әсіресе аяғы ауыр әйелдер мен балалар арасында. Блоктардағы науқастардың көптігінен біз балаларды ересектерге арналған палаталарға жатқызуға мәжбүрміз. Бұл жағдай вакциналаусыз мәселені шешуге болмайтынын көрсетіп отыр», - деді дәрігер.

Оның айтуынша, күнделікті ауруханаға шамамен 350 адам түсуде. Бос төсек орын қалмағандықтан, науқастарды қабылдау тоқтатылды.

Осындай жағдай екінші Зеңгіата көпбейінді ауруханасында да байқалады, қазіргі кезде ондағы 2 мың төсек орынның тек 300-і ғана бос. Инфекцияның тез таралып жатқанын ескерсек, ол да бір-екі күнде толмақ.

Еске сала кетейік, Өзбекстанда эпидемиологиялық ахуалдың өршуінен 28 маусымнан бастап карантин күшейтілді.

Өзбекстан астанасы екі апталық карантинге жабылды. Ташкентте науқастарды жатқызатын төсек-орынды көбейту үшін 2 мың орындық ковид орталықтары ашылып жатыр.