Ташкентте құрылыстағы оқыс оқиғадан Үндістан азаматтары мерт болды
ТАШКЕНТ. КАZINFORM – Өзбекстан Республикасы ТЖМ мәліметінше, Алмалық тау-кен металлургия комбинатының (АТМК) мыс байыту фабрикасының құрылыс алаңында темір конструкциялардың опырылуы салдарынан 3 жұмысшы қаза тауып, 29-ы жараланды. Олардың барлығы Үндістан азаматтары.
Төтенше жағдайлар министрлігі Ташкент облысындағы АТМК фабрикасының құрылысындағы жағдайға қатысты түсініктеме берді.
ТЖМ мәліметінше, 20 ақпан күні сағат 08:00-де Алмалық қаласының Индустриалды аймағы аумағында орналасқан жаңадан салынған «№3 мыс байыту фабрикасында» темір құрылымдары құлаған.
Апат салдарынан құрылыс компаниясының 32 жұмысшысы (барлығы Үндістан азаматтары) зардап шеккен, оның 3-уі оқиға орнында көз жұмған, 29-ы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылған.
Оқиғаның себеп-салдарын зерделеп, зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шұғыл түрде жауапты ұйымдардың қатысуымен жұмыс тобы құрылған.