Ташкентте Өзбекстан мен АҚШ арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық келісімге қол қойылды
ТАШКЕНТ. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның Өзбекстанға жасаған сапары барысында Өзбекстан мен АҚШ арасында Үкіметаралық келісімге қол қойылды.
Бейсенбі, 2 желтоқсан күні СІМ қабылдау үйінде АҚШ пен Өзбекстан арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық келісімге қол қойылды. Құжатқа Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон мен Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, қаржы министрі Рустам Азимов қол қойды.
Өзбекстанның сыртқы істер министрлігінде айтылғандай, Келісім екі елдің ғылым және технология салаларындағы жоғары оқу орындары мен жекеменшік компаниялары, ғылыми-зерттеу орталықтары, мемлекеттік мекемелері арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық аясына жол ашады.
Сондай-ақ АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовпен кездесті.
Естеріңізге сала кетейік, Х.Клинтон Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитіне қатысқан соң Бішкекке сапар жасап, содан кейін Ташкентке келген.