Ташкентте ретро-көліктер көрмесі өтті
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Өзбекстан астанасында 9 мамырға арналған дәстүрлі ретро-машиналар көрмесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.
Биыл Retro uz автоклубының қатысушылары 40-тан астам раритет автокөліктерін көрсетті, оның ішінде 15-тен астам мотороллер мен мотоциклдер бар. Мұнда «Волга», «Москвич» және «Победа» сынды Кеңес одағында жасалған көліктерге басымдық берілді. Әйтсе де, көрмеден «Чайка», тіпті «Мерседес-Бенц» пен «Форд» көліктері де табылды. Сонымен бірге, көрмеге соғыс жылдарындағы автотехника қойылды.
«Бұл көрмені жыл сайын 9 мамыр қарсаңында ұйымдастырамыз. Көптеген авто және мототехникаларды шығарамыз. Биыл көліктер қатарына Газ санатындағы автомобильдер қосылды. Біздің көрмеге тәжікстандықтар да қатысып жатыр. Олар Душанбеден Газ-21, Газ-24 және Газ-67б көліктерін әкелді. Одан бөлек, соғыс жылдарынан қалған бес Газ-67 машинасы бар», - деді Retro uz автоклубының белсенді қатысушыларының бірі Андрей Головченко.













Автор: Мирас Қуандыков