Ташкентте Шора Сарыбаевтың 100 жылдығына арналған конференция өтті

ТАШКЕНТ. KAZINFORM - Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университетінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және сол университеттің Өзбекстандағы филиалымен бірлесіп «Түркі тілдерін зерттеудің салыстырмалы-диалектологиялық аспектілері: өткені, бүгіні және болашағы» тақырыбында халықаралық конференция ұйымдастырылды, деп хабарлайды ӨзА.

Ташкентте Шора Сарыбаевтың 100 жылдығына арналған конференция өтті
Фото: ӨзА

Конференция белгілі лингивист ғалым Шора Шамғалиұлы Сарыбаевтың 100 жылдығына арналды. Бұл конференция түркі халықтарының өзара ынтымақтастығын нығайту, олардың тілі мен мәдениеті және құндылықтарының ортақтығын зерделеу және бүгінгі түркологияның өзекті мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылды. 

Ташкентте Шора Сарыбаевтың 100 жылдығына арналған конференция өтті
Фото: ӨзА

Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университетінің ректоры, академик Шухрат Сирожиддинов өз сөзінде түркі халықтарының көне тарихы, ғылым мен мәдениетті дамытуға қосқан үлесіне назар аударып, түркі халықтарының «жетілген интеллектісі» олардың тұрмыс-тіршілігінен, мақал-мәтелдерінен, ғылыми қызметінен айқын көрінетінін атап өтті. Сондай-ақ ол Махмұд Қашғари, Жүсіп Баласағұни, Замахшари, Ұлықбек, Әлішер Науаи, Захириддин Мұхаммед Бабыр сияқты атақты ғұламалар мен ойшылдардың мұраларына ерекше мән берді.

Конференцияның лекцияларында Шора Сарыбаевтың өнегелі өмір жолы, ауқымды ғылыми қызметі, әсіресе, алтайтану, диалектология, лексикография саласындағы жетістіктері ерекше атап өтілді.

Баяндамашылар Шора Сарыбаевтың тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде мойындалған, ғылыми мектебі, бай кітапханасы, диалект сөздер жинағы, іргелі зерттеулерімен танылған ғалым ретіндегі түркология ғылымының дамуына қосқан үлесіне тоқталды. 

Ташкентте Шора Сарыбаевтың 100 жылдығына арналған конференция өтті
Фото: ӨзА

Шора Сарыбаевтың балалары – Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Қайрат Сарыбаев пен Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Майра Сарыбаева әулет өкілдерінің қоғам өміріндегі және ғылымның дамуындағы рөлі туралы, сондай-ақ конференцияны ұйымдастыру, саладағы өзекті мәселелер жөнінде пікір білдірді.

Конференция барысында түркі тілдерінің салыстырмалы талдауы, диалектология саласындағы жаңалықтар, олардың қазіргі тіл біліміндегі маңызы туралы бірқатар қызықты баяндама тыңдалды.

Іс-шара соңында Өзбекстан мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми ынтымақтастықты одан әрі нығайту және түркі тілдері бойынша ғылыми жұмыстарды бірлесіп жүргізу туралы келісімдерге қол жеткізілді.

Еске сала кетейік, екі президенттің кездесуі Қазақстан мен Өзбекстан халықтарын жақындастыру жолындағы маңызды қадам болғаны жайлы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар