Ташкентте уланған жас футболшылар елге оралды
АСТАНА. KAZINFORM — Ташкентте өткен халықаралық турнир кезінде жаппай уланудан ауруханаға түскен қарағандылық жас футболшылардың барлығы емделіп, Қазақстанға оралды. Бұл туралы Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі мәлім етті.
Қазақстан мен Өзбекстанның денсаулық сақтау министрліктері бірлесіп істеген жұмыстың нәтижесінде балаларға дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, елге аман-есен қайтуына жағдай жасалған.
Оқиға тіркелген алғашқы күннен бастап Қазақстанның Өзбекстандағы дипломатиялық өкілдігі зардап шеккен балалардың ата-аналарымен, медициналық мекемелермен және екі елдің құзырлы органдарымен тұрақты байланыста болған. Сондай-ақ консулдық және ұйымдастырушылық көмек көрсеткен.
Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігі де балалардың жағдайы жақсарып, барлығы ауруханадан шыққанын растады.
Елге аттанар алдында медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау саласының өкілдері жас спортшыларды шығарып салды.
Еске салайық, Қарағанды облысының жас футболшылары Ташкентте өткен Dostlik Cup 2026 турниріне қатысу кезінде жаппай улану дерегі тіркелген.
Осы оқиғаға байланысты Өзбекстан Бас прокуратурасы санитариялық заңнама талаптарын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.