Ташкенттегі каналдардың бірінен қолтырауын табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Балықшылар Ташкенттегі Қарасу каналынан Ніл қолтырауынының баласын тапты. Бауырымен жорғалаушы қатты тоңып, ауыр жағдайда болған. Қазір қолтырауын хайуанаттар бағында карантинге орналастырылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Балықшылардың хабарынан кейін Ұлттық экология және климаттың өзгеруі комитеті мен Ташкент хайуанаттар бағының мамандары оқиға орнына жетті. Олар қолтырауынды қауіпсіз жерге шығарып, хайуанаттар бағына жеткізді.
Суық суда ұзақ жатқандықтан, оның жағдайы ауыр болған. Мамандар қолтырауынның шамамен бір жаста екенін анықтады.
Бұған қоса Ташкент хайуанаттар бағының мамандары жақын маңда басқа бауырымен жорғалаушылардың бар-жоғын анықтау үшін аумақты тексеріп шықты.
Қазір қолтырауынның Өзбекстандағы су айдынына қалай тап болғаны анықталып жатыр.
Өзбекстанның Ұлттық экология және климаттың өзгеруі комитеті ел заңнамасы жеке тұлғаларға жабайы жануарларды, соның ішінде қолтырауынның барлық түрін жартылай еркін ортада, жасанды жағдайда немесе тұтқында ұстауға тыйым салатынын ескертті. Сондай-ақ оларды цирк қойылымдарына пайдалануға да болмайды.
Ніл қолтырауыны – қолтырауындар тұқымдасындағы ең ірі әрі қауіпті жыртқыштардың бірі. Табиғи мекенінде Африка құрлығындағы тұщы сулы өзендерде, көлдер мен батпақты жерлерде тіршілік етеді.
Бұған дейін АҚШ-тың Флорида штатындағы Уинтер-Гарден қаласында қолтырауын балықшыға шабуыл жасап, оны су астына тартып әкеткені хабарланған болатын.