Ташкенттегі халықаралық фестивальге 50-ден астам әлемдік киножұлдыз қатысады
Ұйымдастырушылар 28 қыркүйектен 3 қазанға дейін өтетін кинофестивальге құрметті қонақ болатын жұлдыздардың атын жасырын ұстап, олардың есімдерін тек баспасөз мәслихатында айтты. Танымал қонақтар арасында Люк Бессон, Стивен Сигал, Митхун Чакраборти, Никита Михалков, Олег Тактаров, Франко Неро, Жерар Депардье, Тимур Бекмамбетов, түрік сериалдарының жұлдыздары мен тағы басқалар бар.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихаты барысында «Әлемдік кино күндері» бағдарламасы аясында ұсынылатын фильмдер туралы видеороликтер көрсетілді.
Еске салайық, Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің халықаралық кинофестивалі деп те аталатын Ташкент халықаралық кинофестивалі Өзбекстан астанасында 1968-1997 жылдары дәстүрлі түрде өтіп тұрды.
«Жібек жолының інжу-маржаны» атты кинофестиваль 2021 жылы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен қайта ұйымдастырылып, енді жыл сайын өтеді.
Кинофестивальді Өзбекстан кинематография агенттігі ұйымдастырып отыр.