Ташкенттегі конференцияда Ауғанстан мәселесі талқыланады
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Ташкент конференциясы арқылы «Талибан» қозғалысына белгі беріледі. Бұл туралы ауған мәселесі бойынша сарапшы, Өзбекстанның сыртқы істер министрінің бұрынғы орынбасары Абдусамат Хайдаров айтты, деп хабарлайды Өзбекстандағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
«Өздеріңіз білетіндей Ташкент конференциясы шетелдер мен халықаралық ұйымдардың көптеген өкілдерін жинап отыр. Қатысушылар құрамының өзі көп нәрседен хабар береді. Сондықтан бұл басқосу Ауғанстан мәселесін бейбіт түрде реттеудің бастапқы іргетасын қаламақ. Біз жаңа идеялар мен тәсілдердің куәсі боламыз. «Талибан» қоғалысынан конференцияға қатысу туралы жауап әлі келген жоқ, алайда, әлемдік қауымдастық оларға белгі беріп отыр. Бұл олардың құлағына жетеді деп ойлаймын»,-деді сарапшы.
Естеріңізге сала кетейік, 26-27 наурызда Ташкентте «Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың бейбіт процесі және өңіраралық біріккен іс-қимыл» тақырыбында халықаралық конференция өтіп жатыр. Басқосуға әлемнің 20-дан астам елінен өкілдер келіп қатысуда, оның ішінде Қазақстан да бар.