Тасқын болып жатқан батыс өңірлердегі су қоймаларында ылғал былтырғыдан да аз жиналған
АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында тасқын болып жатқан батыс өңірлердегі су қоймаларында ылғал былтырғыдан да аз жиналғанын мәлім етті.
«Бүгінде оңтүстік өңірлердегі су қоймалары жинақтау режимінде тұр және суару кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аумақтағы 17 ірі су қоймаларына орта есеппен 87% су жиналған. Бұл өткен жылғы деңгейден 8% артық Барлық су шаруашылығы нысандарында тәулік бойы кезекшілік пен мониторинг ұйымдастырылған. Солтүстіктегі 11 ірі су қоймасында су жинау орташа есеппен 84%. Бұл өткен жылғы деңгейден 5% жоғары. Батыс өңірлерде 7 ірі су қоймаларының орташа су жинау деңгейі 68%. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 7% төмен», - деді ол.
Нұрдан Нұржігітовтің айтуына қарағанда, Шығыс өңірлердегі 3 ірі су қоймасында орта жиналған су көлемі өткен жылмен деңгейлес – су жинау көлемі 65%.
«Орталық Қазақстанның 4 ірі су қоймасында орташа су жинау 90% құрайды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 20% жоғары», - деді ведомство басшысы.