Тасқын Қазақстан халқын қаншалықты кедейлендіріп жатыр – Тимур Сүлейменовтің жауабы

тасқын су
Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банктің басқарма төрағасы Тимур Сүлейменов БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында тасқынның макроэкономикалық салдары туралы пікір білдірді.

«Төтенше жағдай режимі жарияланған облыстар мен аудандардың саны айтарлықтай болғанына қарамастан, қауіпсіз жерге көшірілген халықтың саны 70 мыңнан асқанын көріп отырсыздар. Нақты сан қолымда жоқ, әрине. Яғни, тасқын салдары біреуге қатты әсер етсе, біреуге шамалы әсер етіп жатыр. Елдегі халықтың саны 20 миллионнан асады. Сондықтан 20 млн халық тасқын кесірінен кедей болып қалды деу дұрыс макроэкономика болмайды деп ойлаймын», - деді Тимур Сүлейменов.

Оның пайымдауынша, тасқын зардаптары толық анық болғанша халықтың кедейлік деңгейі туралыайтуға ерте.

«Мемлекет басшысы зардап шеккендердің бәріне малы, мүлкі мен үйі, басқалары да өтелетінін айтты. Сондықтан анық-қанығына жетіп, қажетті қолдау жүйесін жолға қойғанша қазақстандықтар кедейленіп қалды деп айту ерте шығар. Мен еңсереміз деп үміттенемін», - деді Ұлттық банк басшысы.

Соңғы жаңалықтар