Тасқын кезінде азық-түлік бағасы қалай құбылды

статистика продукты питания
Фото: Рүстем Айтхожин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде тасқынның салдары азық-түлік бағасына қалай әсер еткенін айтты.

«Өткен аптада баға индексі 99,9%, ал айдың басынан бері 99,7%, су тасқыны басталғаннан бері 99,8% болды. Егер жыл басындағы индекспен салыстырсақ, 100,3%-ға жетті. Яғни, 0,3% өсім бар.

Атырауда бағаның өсуі +0,1%, Қостанай, Ұлытау, Абай және Павлодар облыстарында тұрақты болса, Ақтөбе облысында – 1,7%, Ақмола, Батыс Қазақстан облысында – 0,2%, Солтүстік Қазақстан облысында - 0,1% төмендеді.

Бүгінгі таңда су тасқынынан зардап шеккен облыстарда жағдай тұрақты, азық-түлікпен, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті жеткізу проблемалары байқалып отырған жоқ. Әлеуметтік азық-түліктің бағасы өскені байқалмайды. Күн сайын сауда объектілеріне мониторинг жүргізіледі.», - деді ол.

Сондай-ақ, ол 1 сәуірден бері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын негізсіз көтергендердің үстінен 326 әкімшілік қаулы шығарып, 303 ескерту беріліп, 23 айыппұл салынғанын айтты.

Соңғы жаңалықтар