Тасқын салдарынан қанша үй жарықсыз отыр

Атырау қаласы мен үш ауданда жарық сөніп қалды
Фото: Рixabay

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов елде тасқын салдарынан неше үй жарықсыз отырғанын айтты.

«Тасқын кезінде электр қуатынан проблема туындаған 6 өңір бар екенін білесіздер. Бүгінде Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында жалпы мәселе толық шешілді. Ол өңірлерде тек саябақтар мен ешкім тұрмайтын, тұрғындары көшірілген жерлердің жарығы сөніп тұр. Атырау облысының Құлсары қаласында 970 абонент электр қуатынан ажыратылған. Электр компаниясы халық үйлеріне қайтқаннан кейін жарықты қосуға дайын. Солтүстік Қазақстан облысында 4 мыңға жуық абонент төтенше жағдай саласындағы әріптестердің талабы бойынша ажыратылған. Тұрғындар қайтып келгеннен кейін олар да қосылады», — деді ол Сенат отырысынан кейін журналистердің сауалына берген жауабында.

Вице-министр кей үйлерге дизельді генератор арқылы жарық беріліп жатқанын айтты.

«Қостанай облысының Жангелді ауданында 651 абонентте жарық сөніп тұр. Оның екі себебі бар. Біріншіден, бағаналарды жөндейін десек, жол жоқ. Екіншіден, халықтың кейбірі үйлеріне қайтпаған. Бірақ ол үйлерге электр желісіне жауапты компания мен жергілікті әкімдік дизельді генератор арқылы жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Солтүстік Қазақстан облысында да сондай. Су кетіп, электрді қосуға мүмкіндік болса, тез жалғаймыз. Ал бағаналарды жөндеу керек болса, әрине, 2-3 күннің ішінде қосуға мүмкіндік бар. Бірақ әлі су қайтпаған жерлер бар. Оның бәрін күнделікті бақылауда ұстап отырмыз», — деді Сұңғат Есімханов.

Соңғы жаңалықтар